Бекқұл баба елді мекені суда қалды – Ақтөбе облысы

Ақтөбенің іргесіндегі ауыл тұрғындары да еріген қар суымен күресіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ағыстың бағытын бұрып, үй-жайларын қорғап әлек. Ал Бекқұл баба елді мекенінің бір бөлігі аралда қалғандай. Көлік жүретін жолды су шайып кеткен. Ең қиыны ондаған бала мектепке бара алмай отыр. Мектеп автобусы ауылға кіре алмайды. 

Судың арғы бетінен бері өте алмай тұрған Бекқұл баба ауылының тұрғындары. Елдімекеннің пайда болғанына 4-5 жылдан асса да, көктем мен күзде көретін қорлықтары осы. Ауыл жанынан өтетін күре жолға жете алмай әлек болады. Себебі екі ортаны су шайып кеткендіктен, көлік түгілі жаяудың жүруі мұң.

Табылды Жұмыров, Бекқұл баба ауылының тұрғыны:

– Біздер өзіміз картадағы жолменен қолмен жол салдық. Машина жалдап, ақша төлеп. Соныменен жар жолға дейін келеміз. Қалғанын батпақтап белуарға дейін үйге әрең жетеміз. Мен үш жылдан бері тұрам. Бір әкімді көрген жоқпын осы ауылдың ішін аралап, көріп жолды қарап нетіп жатқан.

Нұржан Сеуов, Бекқұл баба ауылының тұрғыны:

– 30 мыңнан ақша шығарып, 20 машинадай атцеф төседік мына  жаққа өзіміз, трактор жалдап. Карта бойынша тек жол істедік тек қана. Былтыр ғана осындай уақытта төсеп, енді биыл қазір жоқ. Жермен жексен болып езіліп, жердің асытына кіріп кетті. Атцеф деген не болады ол, дым болмайды. Содан щебень керек, жақсы бір 2-3 көшені төсеп берсе, жол қылып жақсы болар еді да.

Ауылда небәрі 4 көше болғанымен, талапқа сай жол жоқ. Салдарынан күз бен көктемде батпаққа айналады. Ең қиыны 40-тан астам бала мектепке бара алмай отыр. Себебі елді мекенге автобус кірмейді. Ал оқушыны іргедегі жолға дейін жеткізудің өзі мүмкін емес. Сондықтан жер кепкенше, үйде отыруға тура келеді.

Гаухар Құрманбаева, Бекқұл баба ауылының тұрғыны:

Балаларға қиын. Көктем мен күз мезгілінде өте қиын. Даже жаяу жүргінші көрдіңіз ғой міне, шаққа өтіп келе жатырмыз. Мынадан балаларды шығарыңыз дейді. Ол түгіл үлкен адамдардың басы айналып шаққа шығып жатырмыз. Даже такси де кірмейді, жедел-жәрдем де келе алмайды мына жерге шынымды айтсам.

Балалардың қатынауы қиын екенін жергілікті мектеп әкімшілігі біледі. Бірақ қолдан келер шара жоқ. Мектептегі екі автобуспен төрт бағыт бойынша тасымалдау тұрақты жолға қойылғанымен, жол нашар. Көктем мен күзде қайталанатын мәселені жою үшін жауапты мекемелерге талай жүгінген. Алайда түпкілікті шешілмей тұр.

Орынбасар Бекжанов, №76 орта мектеп директоры:

Балаларды әкеліп жатырмыз. Оқытып жатырмыз, мүмкіндігінше. Енді осы жолға байланысты біз мектеп тарапынан әртүрлі мекемелерге хат жаздық. Былтырдан бері әкімшілік жиналыстарда. Енді оны жоспарға енгізіп отыр. Салатын шығар. Жаңа поселка ғой, жағадан құрылып жатқан. Дегенмен ол балаларды қазір тапсырмалапрын қосымша беріп оқытып жатырмыз. Олар үйде бос жатқан жоқ.

Жылдың екі мезгілінде батпаққа бататын тұрғындардың арыз-шағымы бұған дейін қала билігіне жеткен. Ауылдықтардың көше жолына ең болмаса, қиыршық тас төсеу туралы өтініші бар. Бірақ жауаптылар уәде беруден әрі аспапты. Ал мамандардың айтуынша, дәл қазір мәселені түбегейлі шешу мүмкін емес. Нақты істерді жер кепкен соң атқарамыз дейді.

Ернар Қалауов, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автожолдар бөлімінің бас маманы:

– Бекқұл баба елді мекеніне автогрейдер жібереміз, жолдарын тегістейміз. 15 сәуірге шейін жолдарды күтіп-ұстауға арналған мердігер мекеме бар бекітілген. Бекқұл баба елді мекенінде мектепке баратын бір жол бар. Сосын ішіндегі айналма екінші жолына, екі жолға қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізіледі.

Қала маңындағы 35 елдімекеннің басты жолдарына қиыршық тас төсеу жоспарланып отыр. Ол үшін бюджеттен 80 млн теңге бөлінген.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев