Ақмола облысында ұлттық спортқа жақын жеткіншектер көп

Аймақта 25 мыңнан астам адам көкпар тартып, бәйге шабу сияқты ойындармен кәсіби түрде шұғылданатын болса, солардың 16 мыңы жасөспірімдер, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл облыстық спорт басқармасына тіркелгендері ғана. Ал ұлттық спортқа қызығып, өз бетінше атқа жақын жүрген өрендер қаншама. Бұл Бұланды ауданының болашақ көкпаршылары. 9-10 жастағы балалар бірнеше жылдан бері бәйгеге шауып, өзара көкпар тартып жүр. Олар ешқандай да ұлттық спорт мектебінің оқушылары емес. Дегенмен қызығушылықтары мен талпыныстары күшті. Ал жастары мен дайындықтарына қарамастан ұлтжанды өрендер маңайда ұйымдастырылған жарыстардан талай жүлделі оралған.

Аслан Оралбек, оқушы:

– Мен 4-сынып оқимын. Жасым 10-да. Орындар алғанмын бәйгеден. Қаражар ауылынан 2-орын алғанмын. Одан осы өзіміздің Макинскіден 1-орын алдым. Мен көкпар ойынын өте ұнатамын. Себебі менің ағам шабандоз. Мен де ағамдай шабандоз болғым келеді. Бұл бұрынғы ата-бабамыздан қалған көкпар, бізге мұра. Біз соны әрі қарай жалғастырып ойнап жүрміз. 

Жас та болса, ұлттық спортқа үлес қосып жүрген ұлдардың арасында қыз бала да бар. 11 жастағы Жансұлу Амантай, былтырдан бері балалармен қосылып, бәйгеге қатысып жүр. Айтуынша, атқа шабуды оған атасы үйретіпті. Әрі әкесі де шабандоз екен.

Жансұлу Амантай, оқушы:

– Мен өзім осында жалғыз қыз болып тұрмын. Бірақ мен оған ұялмаймын. Мен ата-бабамнан келе жатқан дәстүрлі ойынды жаңғырта бергім келеді. Менің сыныбымда қыздар қызығады. Бірақ олар атқа міне алмайды. Менің сыныбымда мен ғана атқа міне аламын.

Ал атқа жақын балалардың басын қосып, оларды ұлттық спортқа баулып жүрген жергілікті азаматтар, бұл үшін ешкімнен ақы талап етпейді. Бірі іс-шаралардың ұйымдастырушысы болса, екіншісі жаттықтырушы боп жүр тегін еңбек етіп жүр.

Ғалымдос Мақшанай, жаттықтырушы:

– Телефон қарап, үйде отырғаннан қарағанда балаларға пайдалы. Атқа мінген балалар өзі күнде болмаса да, жұмасына 2 рет шығады балалар. Жаңағы ойынның бәрін үйретіп, ақырын-ақырын тәрбиелеп келе жатырмыз. Қазір ересек балалардан 7-8 бала бар. Ал жаңағы жас балалардан 10 шақты бала бар. Тағы да келем деген балалар бар. Алла қаласа, жазда бәрі де шығады аманшылық болса.

Бұландылық белсенділер ұлттық спортты енді аудан көлемінде одан әрі дамытып, оған жастардың қызығушылығын арттыру үшін сүндет той, үйлену тойы секілді думан жасайтын жергілікті тұрғындарға ат шаптырып, көкпар беруді де қосса деген ұсыныс жасап отыр. Ал жарыстар жиі ұйымдастырылып, шабандоз балалар көбейсе, олардың арасынан болашақ кәсіби спортшылардың шығуы да бек мүмкін.

Қуаныш Қарауылов, облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының бөлім жетекшісі:

– Ең бірінші олар қазір аудандық жарысқа қатыса береді. Сосын облыстыққа қатысады. Сосын бас бапкер қарайды, таңдайды. Соны сборныйға кіргізеді. Облысқа қатысуға аудан дайындайды. Экипировка сатып алады, дайындыққа ақша береді, жарысқа қатысуға командировочный ақша береді.

Облыстық спорт басқармасы өкілдерінің сөзінше, қазір аймақта ұлттық спорт түрлері біртіндеп қанат жайып келеді. Бірақ тиісті инфрақұрылым жоқтың қасы. Сондықтан алдағы жылдары Көкшетаудан ат спортымен айналысатындарға арнап жабық манеж салу жоспарланып отыр. Ал қажетті жағдай жасалса, төл ойындарымызға қызығатын жастардың да қатары көбейер деген үміт зор.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Виктор Полянный