Жетісайлық шаруалар тыңайтқыш бағасының қымбаттап кеткеніне наразы

Одан бөлек, мемлекет тарапынан берілетін жанар-жағармайдың уақытылы жеткізілмей отырғанын айтып шағымданды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жетісай ауданына қарасты Үтіртөбе ауылында 200-дей шаруа қожалығы бар. Олардың дені ерте пісетін қырыққабат, картоп, пияз, қауын-қарбыз егеді. Қазір шаруаларға тыңайтқыш пен жанар май сатып алу қиынға соғып тұр. Ал ағын судың бағасы текше метріне 300-ден 500 теңгеге бір-ақ көтерілген.  

Рақмет Қожаберген, шаруа:

- Селитра берейін десек, 360 теңге болып кетті. Өзбекстаннан келетін селитра. Ал өзіміздің Қазақстанның селитрасы 280 болып жатыр. Ертең тамызда береді, оны не істейміз. Жылға сақтай алмаймыз, қатып қалады ол келесі жылы.

Батырбек Бекмұратов, Үтіртөбе ауылының тұрғыны:                                              

- Жеңілдетілген жанар-жағармай жоқ қой, барлығын нарықтағы бағамен алып жатырмыз. Екінші, қауын-дарбыз егіледі, олар да басталып келе жатыр. Одан кейін мақта егіледі. Соның бәрінің тыңайтқышы, жанар-жағармайы бізге уақытында келсе екен.

Мамандардың айтуынша, тыңайтқыш өндіретін отандық компаниялар бағаны үш есеге дейін өсіріп жіберген. Өткен жылы тоннасы 73 мың теңгеден сатылған селитраның бағасы биыл 206 мың теңге болған. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов жанармай жеткізуде мәселе жоқ екенін алға тартты. Литрі 195 теңгеден сатылып жатыр деді. Ал тыңайтқыш мәселесін ауыл шаруашылығы министрілгі зерделеп жатқанын жеткізді.

Нұрбек Бадырақов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- 1 қаңтардан бастап минералды тыңайтқыштың бағасы 73 мың теңгеден тоннасы 199 мың теңгеге дейін көтерілді. Екі жарым есеге дейін баға көтерілді. Біз осы мәселені қайта-қайта көтерудің нәтижесінде 200 мың теңгеден 160 мың теңге дейін түсірді. Қазіргі таңда субсидияны төлеу номативі әділет министрлігінде тіркеуде тұр. Ол 1-2 күнде шығады. Сол бекітіліп шыққан соң біз субсидия төлеуді бастаймыз.

Айта кетейік, Үкіметтің Түркістан облысындағы ерте пісетін көкөністерді жеткізу үшін алдын ала шарт жасау туралы тапсырмасына орай еліміздің 9 өңірі келісімшарт жасасқан. Әрі ерте пісетін қырыққабатты жеткізуге қаражат бөліп отыр. Енді өңір шаруалары қырыққабатты қайда өткіземін деп бас ауыртпайтын болады.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш