Алматылықтар Әл-Фараби даңғылы маңайындағы кешен құрылысына қарсы шықты

Алматыдағы Әл-Фараби даңғылы мен Нахимов көшелерінің ортасындағы жерде 12 қабатты екі үй салынып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құрылысқа осы маңайдың тұрғындары қарсы. Онсыз да тар жерде тұрғын үй кешені бой көтерсе, көшеден еркін өтудің өзі мұңға айналмақ. Тіпті, зәулім ғимарат пен жеке-үйлердің арасындағы арақашықтық талапқа сай емес. Қажетті инфрақұрылым да жоқ дейді халық.

Қала тұрғыны Галина Игнатова берекем әбден қашты деп зар жылайды. Өйткені былтыр үйінің жанынан «Адмирал» атты тұрғын үй кешенінің құрылысы қарқынды басталды. Күндіз де, түнде де тыныштық жоқ.

Галина Игнатова, қала тұрғыны:

- Мына құрылыстан тыныштығымыз бұзылды. Олар жұмысты бей-берекетсіз жүргізіп жатыр. Бұл ауданда жер өте қымбат. Кейбір көршілеріміз үйлерін сатып, көшіп кетті.

Құрылыс басталмай тұрып бұл жерде жеке үйлер болған. Соларды сатып алған құрылыс компаниясы оларды сүріп, 12 қабатты екі үйді тұрғызуға кіріседі. Алайда тар жерде алып кешен салу үшін көршілердің келісімі қажет еді. Құрылысшыларда ол құжат та бар болып шықты. Ал тұрғындар болса ешқандай келісім берген жоқпыз деп аң-таң.

Алтай Рахымбетов, Бостандық ауданының әкімі:

- Хаттама бойынша қоғамдық тыңдауға небәрі 4-ақ адам қатысыпты. Біз күмән туғызған барлық ақпарат пен құжаттарды тексеріп, шара қолданамыз. Ал қоғамдық тыңдауды қайтадан өткізу керек.

Бұл жерге кешен салуға рұқсат берген әкімдік біздің мүддемізді ескермеген дейді наразы жұрт. Ал құрылыс компаниясы өкілінің айтуынша, кешенде 60 жерасты тұрақ жасалып, көше қозғалысына кедергі келтірмейді. Тіпті, алдағы уақытта 2 гектарға жуық жерді игеру жоспарланған.

Евгений Хозеев, құрылыс компаниясы бас директорының кеңесшісі:

- Біз жобамыздың тек 20% ғана іске асырдық. Қалған аумақты, яғни 18 мың шаршы метрді игерсек, сол жерге балалардың ойын алаңы жасалып, абаттандырылады.

Алайда ол үшін кешен орналасқан жерді кеңейту қажет. Бұған дейін құрылыс компаниясы 25 үйдің 8-ін сатып алған. Бірақ, бұл ауданда үйде де, жер де өте қымбат болғандықтан тараптар бағаға келісе алмай жатыр. Даудың бір басы осында жатқаны анық.

А.Садуақас, Н.Жақсыбаев