«Бала-шағамен солтүстікке»: теріскейге 5 отбасы көшіп келмек

"Бала-шағамен солтүстікке". Еліміздегі қайырымдылық қорлардың бірі игі бастамаға мұрындық болды. Олар 5 отбасын солтүстік өңірлерге көшіріп, кәсіп етуге жағдай жасамақ.

Халықтың халыққа көрсеткен қолдауының арқасында бұған дейін "Бала-шағамен ауылға" жобасы сәтті жүзеге асырылған еді. Ал бүгін теріскейде тіршілігін жалғастыруға ниеттілерден өтініш қабылдау басталды.

Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейтіні рас екен. 10 жыл бойы Шымкентте тұрып келген Серік Ергешұлы "Бала-шағамен ауылға" жобасы жайлы ести сала құжаттарын жинап, қамдана бастаған. Жан жары Ұлбала Сапарбаева екеуі 7 бала тәрбиелеп отыр. Солардың несібесі болар, 2020 жылдан бері Түркістан облысындағы Майбұлақ ауылында шадыман тірлік кешуде. 

Серік Ергешұлы, "Бала-шағамен ауылға" жобасының жеңімпазы:

- "Бала-шағамен ауылға" бағдарламасының себебімен келдік. Аллаға шүкір, жағдайымыз жақсы. Қаладан тұрғаннан әлдеқайда жақсы жағдайымыз. Пәтерге ешқандай төлемақы бермейміз. Өз үйіміз. 

Қайырымдылық қоры биыл да игі бастамаға себепші болмақ. Енді "Бала-шағамен Солтүстікке" жобасы арқылы 5 отбасын теріскейге көшіру көзделіп отыр.

Жасұлан Бостандықұлы, қайырымдылық қорының директоры:

- Қасиетті Рамазан айында 5 отбасыны баспаналы ету мақсатында біз "Бала-шағамен солтүстікке" жобасын қолға алдық. Бұл жобаның мақсаты солтүстікке орналастыру 5 отбасын. Біз қор тарапынан 5 баспана әпереміз. Кәсіп бастауға млн теңге және жарты жыл көлемінде 60 мың теңге беруді жоспарлап отырмыз. Бүгінгі таңда оған өтініш қабылдау басталды. Өтініш қабылдау бесінші сәуірден 15 сәуірге дейін жүзеге асады.

Көшу шығындарын қор өтейді. Бұдан бөлек алғашқы жылы әр жанұяға 8-10 тонна көмір беріледі. Жазда бақша отырғызып, балаларды мектепке беруге мүмкіндік жасалады. Ал үміткерлер алдағы 10 күнде арнайы сайтқа өтініш беріп үлгеруі керек. Жеңімпаздарды қамқоршылық кеңесі анықтайды. 

Балжан Ерланова, қайырымдылық қорының баспасөз маманы:

- Соған кірсе, "Бала-шағамен солтүстікке" міне. Біз соған кіріп отырмыз қазір. Бұл жерде қысқаша ақпарат тағы да түсіндіріліп кетеді. Яғни жарты жыл көлемінде жәрдемақы беріліп отырады. Бірреттік ақы беріледі деген сияқты барлығы қысқаша тағы да жазылған. Кейбірінің аттарында үй болады. Бізге, мысалы, үй жоқ деп көрсетеді. Сондықтан міндетті түрде толықтай құжаттарын алып, тексеруге міндетті боламыз.

Үйлер алғашқы 3 жылда қайырымдылық қорының меншігінде болады. Кейін әр отбасы шаңырағын өз атына аудара алады. Айтпақшы, бүгінге дейін дәл осы қор арқылы 45 баспана алынды. Оның бәріне қарапайым халық жүрегі – жомарт қазақстандықтар демеушілік еткен. 

Мерей Мұратханқызы, Арман Ақшабаев