Жол сапасына жауаптылардың басым бөлігі осы сала бойынша білім алмаған

Жергілікті атқару органдарындағы жол сапасына жауапты мамандардың басым бөлігі осы сала бойынша білім алмаған. Бұл туралы «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» хабарлады. Осыған байланысты орталық мамандары әкімдіктегі техникалық бақылау қызметкерлерін оқытып, біліктілігін арттыру бойынша семинар бастады.

Жол сапасына тағы қандай факторлар әсер етеді?  

Қазақстанда жол сапасының жиі сынға ұшырайтыны жасырын емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевта өткен жылы осы мәселені реттеп, жүйелі шаралар қабылдау керектігі туралы тапсырма берген болатын. «Мәселені шешу үшін әуелі білімге мән беру керек», - дейді мамандар.

Арман Қайырбеков, "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" директорының орынбасары:

- Біз сараптама жасадық. Жергілікті жолдарда (атқару органдарында) 1500 адам жұмыс жасайды. Бірақ солардың 190-ында ғана жол саласы мамандығы бойынша дипломдары бар. Сол  үшін осы Алматыдан бастап оқыту семинарларын өткізейін деп жатырмыз. 

Ауыл мен аудан былай тұрсын, Алматы секілді алып шаһардағы көшелердің өзі көктем шыққанда қармен бірге көшіп жатады. Қалааралық автожолдардың да сапасы сын көтермейді. Осы олқылықтардың орнын толтырсақ дейтін ұлттық сапа орталығы осы жылы 25 мың шақырым жолға сараптамалық тексеру жұмыстарын жүргізбек.

Мәулен Әліпов, "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" филиал директорының м.а.:

- Жолдың сапасы жалпы дұрыс болмауы бірнеше фактордан тұрады. Мәселен сұрақтар көп. Ең бірінші мынау жобалау жұмыстары. Жобалау институттары  қателіктер жіберіп жатады. Содан болады ең бірінші. Одан кейін конкурстар өткен кезде бағасын төмен беріп ұтып алып мердігер мекеме одан кейін бағасы төмен болғаннан кейін материалды, басқасын үнемдей бастайды.

Былтыр мамандар республика бойынша жол-құрылыс материалдарының 27 мың сынамасын алған. Соның 8 мыңға жуығы талапқа сай болмай шыққан.   

Бағлан Баймағанбетов, жол жұмысшылары қауымдастығының төрағасы:

- Тоқаев мырзаның тапсырмасы бойынша 2025 жылға дейін біздер 24800 км жолды республикалық маңызы бар жолдарды жөнге келтіруіміз керек. Қазір соның 60 проценті тек жасалып тұр. Қалған 40 процентін осы қалған уақытта бітіруіміз керек.

Семинарда жергілікті жол саласының мамандарына жобалардың сапасын бақылау, көлік жолдарын диагностикалау және паспорттау жұмыстары бойынша дәріс оқылды. Жол құрылысына қажетті материалдардың қалай сынамадан өтетінін көрсетті. Іс-шара ертең Шымкент қаласында, одан әрі Түркістан облысында өтеді. 

Жандос Айтбайұлы, Кенже Амраев