Өскеменде жол жөндеуге арналған жаңа тендер талапқа сай емес

Өскеменде жолдарды жөндеуге арналған жаңа тендер талапқа сай емес. Енді соның салдарынан қаланың қос көшесін жөндеу жұмыстары дауға ұласты. Мердігер мекеме тапсырыс берген тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің талаптары ақылға қонымсыз екенін айтады.

Александр Федосов жол салу жұмыстарымен айналысатын мекеменің басшысы, тәжірбиелі құрылысшы. Екі жылдан бері компанияма жұмыс істеуге мүмкіндік бермей отыр, дейді ол. 2020 жылы ол мердігер таңдаудағы қателіктерін айтып, шенеуніктерді айыптаған екен. Содан бері басы дауға қалғанын айтады. Өткен көктемде бұлар жөндеген екі көшені тапсырыс беруші қабылдаудан бас тартыпты. Өйткені ірі түйірлі асфальт бетонның орнына ұсағы төселіпті.

Александр Федосов, жол-құрылыс мекемесінің басшысы:

- Біз Мостовой көшесін жасадық. Атқарылған жұмыс актісіне қол қойылды. Бұдан кейін әрі қарай салуға рұқсат берді. Осыдай кейін Космический көшесін істедік. Сол уақытта ғана қоспаның дұрыс емес екені туралы әңгіме басталды. Ал шынында сметалық құжаттамада қате кеткен. Біз есептеу кезінде қос көшеге ірі түйірлі асфальт бетон салу мүмкін емес екенін білдік.

Келісім-шарт бойынша сапасы нашар болмаса, материалдарды ауыстыруға болады. Бірақ бұл жағдайда ұсақ түйірлі қоспаның құны қымбат болды. Оған қоса техникалық бақылау мамандары жұмысты тексеруге міндетті. Ал олардан ешқандай шағым болмаған. Айналғанда іс сотта қаралып, тапсырыс беруші жеңіп кетіпті.

Еркін Тұраров, Өскемен қаласының ТКШ бөлімінің басшысы:

- Жобалық-сметалық құжатта жолға түсетін салмақ көлемі көрсетілген. Бірақ бұл жерде асфальттің қалыңдығы 3 см бола ма, 4 см бола ма, біз айқындамаймыз. Сондықтан салмақ көлемі көрсетілген. Мен маман болмағандықтан оның қандай қалыңдықта болатынын тап басып айта алмаймын.

Бірақ қарапайым есептеулер құжаттарда қате кеткенін көрсетеді. Оған қоса тәуелсіз сарапшылар да мердігердің дұрыстығын айтып отыр. Енді мердігер Бас прокуратураға жүгінген. Қазір Тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық бөлімі жаңа тендерлерді жариялапты. Бірақ оның жартысынан көбінде орынсыз талаптар қойылған.

Эльдар Мерұлы, ШҚО бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының м. а.:

- Аудиторлық тексеруге сәйкес, жоғарыда аталған сатып алулар бойынша осы тендерге қатысты түскен ескертулер тендерлік комиссиямен қабылданбаған. Яғни олар тендерлік құжаттамаға енгізілмеген. Яғни осы жерде заң бұзушылықтар анықталды.

Мердігер мекеме ұсақ түйірлі қоспаны қолдануға жазбаша келісімнің жоқтығынан сотта жеңілді. Бірақ оның сапасына қатысты ешқандай шағым жоқ. Ал мердігер атқарған жұмысының ақшасын ала алмай қалған. Оған қоса екі көшенің де жөндеу жұмысы аяқталмай отыр.

Асланбек Шығыр, Анель Есенбердина, Жигер Бабаканов