Еліміздегі дәрігерлердің ауылға жұмысқа барғысы жоқ

1 сәуірдегі дерекке сәйкес, Қазақстанда 4 мыңға жуық дәрігер жетіспейді. Нақтырақ айтсақ, қазір еліміздің медицина саласында 3931 маман тапшы.

Оның ішінде ауылдық жерлерге 848 дәрігер қажет. Жекелеген сала бойынша 480 жалпы тәжірибелік дәрігерге сұраныс бар. 416 реаниматолог, 333 терапевт және 257 педиатр жетіспейді. Акушер-гинеколог, инфекционист, неврологтар аса қажет.

Балалар дәрігеріне әсіресе елорда жарымай келеді. Оған статистика дәлел. Тұрғындар да осыны айтып шағымданады.

 Азамат Байғарин, қала тұрғыны:

- Бір жылдың ішінде бізде уже педиатр да, терапевт те 3-4 рет ауысқан шығар енді, кабинет те солай ауысты. Екі балам бар осы жақында бардық, енді шыны керек үлгермей жатыр, екі участокті бірден қабылдайды и то балаларды дұрыс қабылдамайды. Врач общей практики деген ол жұмысы көп болады и ештеңеге үлгермей қалады ол. Ересек адамды да қарайды, баланы да қарайды. Мне кажется, чисто баланы қарайтын бір адам болу керек.

Қазақстанда 8 медициналық жоғарғы оқу орыны бала дәрігерлерін даярлайды. Биылғы оқу жылында «педиатрия», «неонатология» және «балалар хирургиясы» мамандықтары бойынша 392 түлек оқуға түскен. 2022 жылы тек «педиатрия» бойынша 80-ге жуық болашақ дәрігер жоғарғы білім иесі атанады. Алайда мұнымен маман тапшылығы жойылмай отыр, дейді министрлік өкілдері.

Гүлнафис Жүсіпалиева, ҚР ДСМ Ғылым және адам ресурстары департаменті директорының орынбасары:

- Бүгінгі таңда елімізде педиатрлар дәрігерлердің тапшылығы бар. Еліміз бойынша 257 бірлікті құрайды. Ауылды елді мекендерде 47 бірлік. Ең көп жетіспейтін өңірлерге тоқталып өтсек, ол Нұр-Сұлтан қаласында, Қостанай, Шығыс Қазақстан облысы, Ақмола және Алматы облыстарында.

Мәселені қалай шешпек керек. Тар шеңберлі медицина мамандарына тапшылық алдағы 2-3 жылда жойылуы тиіс, дейді ведомство басшысы Ажар Ғиният.   

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Ауылдарда дәрігерлер жетіспейді, себебі ол жақта жағдай жасалмағандықтан, әлеуметтік қолдау болмағандықтан мамандар тұрақтамайды. Мәселе жыл сайын қайталанады. Сондықтан жергілікті атқарушы органдар дәрігерлерді қолдау шараларын жақсартуы тиіс. Ауылды жерлерде 1 жарым млн теңге көлемінде қосымша қолдау, баспанамен қамту, кейбір өңірлерде дәрігерлер тұрақтауы үшін тұрмыстық шығындарын өтеу шаралары қолданылып жатыр.

Дәрігерлердің еңбегі лайықты бағаланбай жатқанын сала мамандары мойындайды. Кадр тұрақсыздығына байланысты сараптама да осыны дәлелдеген. Көп маманның өз еркімен еңбек шартын бұзып, жекеменшік секторға бет бұрып жатқаны байқалады.

Гүлнафис Жүсіпалиева, ҚР ДСМ Ғылым және адам ресурстары департаменті директорының орынбасары:

- Министрлік өз тарапынан кадрлардың жиі ауысуын зерделеді. Бұл қызметкердің тарапынан келісім-шартты бұзу боп келеді. Сондай-ақ ынталандырудың төмендеуі және әлеуметтік қорғаудың жеткіліксіздігі. Осы жас түлектердің жұмысқа орналасуын төмендеуге алып келеді және жалпы дәрігерлердің жасының қартаюына алып келеді.

Иә, жақсы маманды ұстап тұру үшін жалақысын жақсартып, әлеуметтік жағдайын да үнемі жасап отыру қажет. Әйтпесе тұрақтамасы анық. Жауапты министрлік өкілдері де осыны растап отыр.