Кентауға көгілдір отын келді     

Көгілдір отынды ұзақ уақыт күткен кентаулықтардың қуанышында шек жоқ. Себебі Түркістан облысындағы кенді шаһарға газ алғаш рет берілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді 70 мың тұрғыны бар қалада, алдымен 11 мың тұтынушының қолы ұзарып қалмақ. Жетпістің бесеуіне келген Ұлзада Өтегенова Кентау қаласында туып-өскен. От жағып, қазан көтерудің азабын бір кісідей біледі. «Өмір бойы көгілдір отынға қолымыз қашан жетер екен деп армандадық» дейді. Сол арман бүгін орындалды. Ұлзада әжей газға шәй қойып, келіндеріне көмектесіп жүр. Олардың да күл шығарып, өзі сияқты қиналғанын қаламайды. Өркениеттің игілігін кеш те болса көргеніне тәубе дейді.

Ұлзада Өтегенова, Кентау қаласының тұрғыны:

Бұрын от жағып, күл шығарып, беліміз ауырып, шаршап жүретінбіз. Бір қыста 12 тонна көмір жағатынбыз. Ағаш түсіреміз, ол жетпейді. Қыстың ортасында тағы түсіреміз. Азапты көрдік қой күл шығарудың. Үйімізге газ келіп, отты жағып, шәйді қойып, рахаттанып жатырмыз. Бәріне рахмет, отымыз өшпесін ешқашан.

Кентау – кеңес заманында кен өндірісімен әйгілі болған шаһар. Қаратаудың тәжі саналған қалаға өткен ғасырда да табиғи газ кіргізілмеген. Тек еліміз Тәуелсіздік алып, «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбыры тартылған соң ғана мүмкіндік туған. 2017 жылы газ тарату станциясының құрылысы біткенімен, одан кейін де бірнеше жыл кешіктірілген. Біз сөзбен айтқанда кентаулықтар үшін көгілдір отынның қадірі артқан. Бір жағынан бұл қаланың экологиясына да оң әсерін тигізетінін айтады тұрғындар. 

Мұратжан Төнтеков, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

Қыстың күні демалу мүмкін емес-тұғын. Көшеге шығып, терезені аша алмай қалған уақыттар болды. Қазіргі көмірдің сапасын білесіздер қандай түтіндер шығады. Сол себепті бұл біздің қалаға өте тиімді нәрсе. Бүгін сәті келіп, қуанышты күнге кез келіп тұр.

Осылайша бүгін Кентау қаласына көптен күткен газ келді. Жобаға сәйкес, 61 мың шаршы метр жоғарғы қысымды, 179 мың шаршы метр орташа қысымды газ құбыры қысыммен тексерілді.

Қуаныш Исақов, қала әкімінің орынбасары:

Кентау қаласы бойынша 18200 абонент бар. Оларды бүгіннен бастап кезең-кезеңімен қосу басталады. Күзге дейін барлығын қамтимыз деген ойдамыз. Біз тұрғындардың есігінің алдына дейін тартып береміз есептегіш құрылғысымен бірге. Ары қарай үйіне дейін кіргізу тұрғындардың өз міндетіне кіреді. Газ кіргізу құны шамамен 100 мың теңге. Одан кейін әрі қарай тұрғындар өздері газтаратушы мекемемен жұмыс істейді.

Жалпы 2015 жылдан бері кенді шаһарды көгілдір отынмен қамтуға 4,5 млрд теңге қаржы бөлінген. Енді алдағы 2 жылда Кентау қаласына қарасты 4 ауылға көгілдір отын тартылады деп күтілуде.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов