30 жыл күткен Петропавл – Жезқазған тас жолының жыры бітер емес

Петропавл – Жезқазған тас жолынан Қарағаш ауылына дейін 20 шақырым.

Биыл осы аралықты жөндеуге республикалық бюджеттен 269 млн теңге бөлінген. Бірақ жұмыс басталмай жатып, жұрттың ашуын келтірді.  

Асқар Башықов, Қарағаш ауылының тұрғыны:

– Технология бұл жерде сақталмаған. Дұрыс істемей жатыр. Бұлардікі тек тез-тез жауып тастап, ақшаны алып, қайқайып отыру. Ертең халық кінәлі болады.

Тұрғындардың айтуынша, жұмысшылар жерге болар-болмас қиыршық тас төсеп, үстіне құмның орнына балшық төккен. Ол күн жылына езіліп, батпаққа айналған. 

Жасұлан Сердалин, Қарағаш ауылының тұрғыны:

– Ана жолы жаңбыр жауып, қар жауды ғой машиналар дөңгелегі салынған жолды илеп алды. Біз сол үшін күйеміз. Ақша бөлінуін 30 жыл күттік. Олардан кейін ешкім істемейді.

Сөзінің жаны бар. Қарағаш ауылына дейінгі жол бұған дейін бірде-бір рет жөнделмеген. Сондықтан елдің жігіттері жұмыс барысын өздері қарап, тексеріп отыр. Бір күн бар, бір күн жоқ техникалық қадағалау өкілдерінің де уәжі бар.

Саид Ахметов, техникалық қадағалау ұйымының өкілі:

–Наурыз айында олар қиыршық тас төсей бастады. Келіп тоқтаттық. Біз оны білген жоқпыз. Қазір күн жылы. Жұмысты жалғастыра беруге болады.

Ауыл тұрғындары мердігер ұйымның басшысын да жерден алып жерге салды. Мердігер ұйымның айтуынша, бұл – уақытша жол.   

Левон Бернецян, мердігер ұйымның басшысы:

–Мына жолды уақытша ауыр техникалармен қиыршық тас тасу үшін салдық. Маған халықтың алғысы маңызды. Сондықтан уайымдамауларын сұраймын. Бәрі де жақсы болады. Уәде беремін.

Уәдесінде тұра ма, жоқ па, оны уақыт көрсетеді. Жол қараша айына дейін жөнделіп бітуі тиіс. Оның сапасын тексеру үшін аудан әкімі арнайы мамандарды шақыртпақ.  

Медет Оспанов, Есіл ауданының әкімі:

–Бүгінгі күні осы жолды бақылайтын технадзормен келісімшарт бар. Одан бөлек жолдың сапасын бақылайтын мекемемен де бүгінгі күні ақша бөліп, келісімшартқа отырып жатырмыз. Себебі ол мекеме мынау қандай қиыршық тас, оның үстіне қандай қоспа төгіледі, соның барлығын сынақтан өткізеді.

Қарағаш ауылының тұрғындары жөндеу жұмыстарын бастан аяқ кірпік қақпай қадағалаймыз деп бекініп отыр. Өйткені халық бұл жолды 30 жыл күтті.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов