Павлодарда Оңтүстік Америкада ғана өсетін иткендір гүлдеді

Оңтүстік Америкада ғана өсетін иткендір Павлодарда гүлдеді. Шетелдік атауы евпаториум. Осындағы экология және туризм мектебінің жылыжайында күн сәулесі молынан түсетін әрі ылғалды жерлерде өсетін көпжылдық өсімдіктің қырыққа жуық түрі бар екен.

Бұл өсімдік бізде жылыжайда өсіп тұр. Әрине далада өсіруге болады, бірақ климатқа сай келмейді. Осыған туыс өсімдік ол  мексикалық «агератум» деп аталады.  Оны гүлзарларға салады. 

Жылыжайда өсетін әрбір өсімдіктің тарихын зерттейтін мектеп оқушылары евпаториумның гүлдеуін асыға күтеді. Өйткені күлгін түсті  бақбақ тәріздес гүлдің хош иісі мұрынды жарады. Виктория Ясюра «Туған өлке» балалар бірлестігінің мүшесі. Сабақтан бос уақытын осы жылыжайда өткізеді. 

Виктория Ясюра, оқушы:

- Евпаториум өте сирек кезедесетін өсімдік түрі. Оның отаны Оңтүстік Америка және Мексика. Бұл биіктігі екі метрге жететін бұтақты ағаш. Оның гүлдерінен балдың иісі шығады. 

Экология және туризм мектебінің жанындағы жылыжайда 200-ге жуық тропиктік және субтропиктік өсімдік түрлері өседі. Евпаториумның көшеті  осыдан 10 жыл  бұрын Ресейден әкелінген.

Ахмет Қапашев, жылыжай қызметкері:

- Бұл өсімдік Евпатор деген патшаның құрметімен  аталған екен. Өйткені патша одан уға қарсы дәрі алыпты. Ол кезде уды көп пайдаланған көрінеді. Ботаниктердің Евпаториум деп атағаны содан қалса керек. 

Евпаториум Еуропа елдерінде сәндік өсімдік ретінде шипажайларда көптеп өсіріледі. Ал бір жылдық түрлерін гүлзарлардан кездестіруге болады. Экологиялық мектеп жанында жүзеге асып жатқан «Ғажайыптар жанымызда» атты акция шеңберінде оқушылар көптеген қызықты әрі танымдық мағлұматтар алады.

Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболатов