Қызылордалықтар мердігер жұмысына наразы

Көшемізге қоқыс төсеп жатыр. Қызылорда қаласына қарасты Қызылжарма ауылының тұрғындары осылай дейді. Жұрт жол жөндеуші мердігер мекеменің жұмысына наразы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті тұрғындар көшеде 33 жылдан бері асфальт салынбағанын айтады. Әуесқой видеоны тұрғындар түсірген. Жауын жауған күнгі көшенің сиқы осындай. Ми батпақ. Үлкен-кіші лай кешіп жүр. Талай жыл осындай қиындықты көрген тұрғындар бірер күн бұрын көшеге ауыр техникалар келіп құм, тас төге бастағанда қуанған. Алайда бұл қуаныштары су сепкендей басылыпты. Өйткені мердігердің жұмысында мін көп, – дейді тұрғындар.

Дариға Шәйдәзімова, көше тұрғыны:

Біздің осы көшенің құрылғанына 33 жыл қазір. Мынадай тастың бізге керегі жоқ. Астынан 12 см құм салынады, одан кейін осы тас төгіледі деген әңгіменің бәрі өтірік болды, содан кейін бүгін тағы жиналып жатырмыз. Бізге тиісті құмын салсын, сосын тасын салсын, солай жөндеп берсін.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

– Жол жөндеу жұмысы 2-3 күн бұрын ғана басталған. Алайда тұрғындардың өре түрегелуіне себеп те жоқ емес. Бұл көшеге осыдан 7 жыл бұрын дәл осылай малтатас қана төселіпті. Алайда бір жыл өтпей-ақ баяғы жолдың жыры қайта басталған.

Ұлан Сәтбай, көше тұрғыны:

– 2015 жылы осындай құмды төгіп, ГПС  па, тас па соны салып кеткен. Бірақ соны көзімізбен көрдік. Бір жылдан кейін тасы кетіп қалды, жердің астына. Содан күнде балшық. + Барлық бала мына жерден барады да құлап қалады. Пенсионер қанша адамдар бар, кемпір шалдар бар, күнде айқай, күнде шу.

Кеше ғана төселген тастың астынан шығып жатқан мынадай қоқыстар тұрғындарды алаңдатып отыр. Ауылдықтар жол жөндеушілердің бұл әрекеті күмәнді ойларға жетелейтінін де ашық айтты.

Жақсылық Жақыпов, көше тұрғыны:

Басқа жақтан экономдап жатыр ма, немесе ақшаны жеп жатыр ма? Құдай біледі ғой оны. Мына жақтан мусорды әкеліп, біздің көшеге төгіп тастайды. Ал біз осы мусордың үстімен тағы жүреміз енді. Ертең жаңбыр жауса, мына көшемен мүлдем жүре алмайсың.

Тұрғындардың шағымын тыңдауға ауыл әкімі мен мердігер мекеменің басшысы да келді. Жобада міндеттелген жұмыстың жай-жапсарын түсіндіруге тырысты.

Нұрсұлтан Тәттібаев, мердігер мекеменің директоры:

– Астына топыраққа 220 куб берген Сайлыбаевқа. Сосын грабикасы 300 кубпен есептелген. Біз оны нақтылап 450 метрге 15 см келіп тұр. Біз жақтан сметасымен сәйкес келсе болды. Біз басқа не істейміз енді. Сәйкес болмайынша қабылданбайды жұмыс.

Медет Сейілов, Қызылжарма ауылдық округінің әкімі:

– Осы тас төсеу жұмыстарын жоба сметалық құжаттарында жасалғандағыдай толық көлемде ақтап шығады. Лаборатория жүреді, толық сәйкес келгенде ғана қабылдау жұмыстарын жүргізеді. Ал сәйкес келмесе ешқандай қабылдау жұмыстары жүргізілмейді. Жұмыстың жалпы күні 45 күн келісімшарттың мерзімі, әлі уақыты бар.

Бұған дейінгі  сапасыз жөнделген жолдан аузы күйген тұрғындар енді бұл құрылысты бастан-аяқ бақылау үшін білек түре кіріспек.

Авторалыр: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Әлхайдар Тұрлыханов