Семейде жолдың сапасы сын көтермейді

«Мұрат» саяжай кооперативінің тұрғындары соңғы бір апта бойы үйлеріне жету үшін 3 шақырым жолды жаяу өтіп жүр. Асфальт төселмегендіктен, қоғамдық көлік ауылға бармай қойды. 2 бағыт бойынша жүретін автобус соңғы аялдамаға дейін келуден бас тартты. Өйткені олар ары қарай өте алмайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Андрей Шабанов, автобус жүргізушісі:

– Жолдың сапасын көріп отырсыздар. Осыған дейін бір автобус сынып қалған. Асфальтті жердің үстіне төсей салғандай көрінеді. Әкімдікке хабарладық, олар бізге бұл жерге бармауға рұқсат берді.

Жолаушылар көлігі департаментінің мамандары мәселені шешудің бір-ақ амалын тапты. Әзірге жолға қиыршық тас төселінді. Алдағы уақытта шұңқырларды жамау көзделген.

Жасар Түсіпов, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:

– Жер асты сулары көтерілгендіктен, асфальт бұзылып жатыр. Қазір жауапты ұйымдар жұмысқа кірісіп, тас төсеп жатыр. Бұл – уақытша қабылданып отырған шара. Жақын арада жолды толыққанды жөндеуге кірісеміз. Автобус паркінен қоғамдық көліктің саяжайға дейін келіп тоқтауын талап еттік.

Жолдағы шұңқырларды жөндеуге бюджеттен 100 миллион теңге бөлінді. Барлығы 192 көше бойындағы 100 шақырым жолды қалпына келтіру жоспарда бар.

Авторлары: Дариға Ташенова, Асем Утешева, Берик Жобалайулы