Түркістанда 1500-ге жуық бейнебақылау камерасы жұмыс істейді

Түркістанда 1500-ге жуық бейнебақылау камерасы жұмыс істейді

Түркістан облысында 1500-ге жуық бейнебақылау камерасы жұмыс істейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар халық ең көп жүретін қоғамдық орындар мен жол қиылыстарына орнатылған. Енді рұқсат етілмеген жерде шылым шексеңіз де айыппұл төлейсіз. Көшедегі тәртіп пен қауіпсіздікті полицейлер жедел басқару орталығынан қадағалайды. Мектептердегі камераларда осында қосылған.

Сәбит Бақтығалиев, облыстық ПД Жедел басқару орталығының басшысы:

Ағымдағы жылдың 3 айында бейнебақылау камералары арқылы 22 мыңнан астам ӘҚБ анықталды. Сонымен қатар келіп түскен арыз-шағымдарды дер кезінде бақылау камералары арқылы жұмыс істеудің арқасында 48 қылмыстың ізі суымай ашылды. Бізде ұрлықтың 80 %-ін бейнебақылау камералары арқылы ашып отырмыз.  ТО бойынша 952 мектеп бар. 501 дана камера орнатылып, біздің полицейлер бақылап отыр.

Облыс орталығы – Түркістан қаласына бейнетіркегіштер осыдан 1-2 жыл бұрын ғана келді. Оған дейін жергілікті көлік жүргізушілер жол ережесін елемейтін. Тіпті, олардың арасында мынадай әзіл де тараған. «Жаяу жүргіншілерді бағдаршамның жасыл түсі жанғанда да өткізбеңдер, бір рет өтсе, жаман үйреніп алады»,-деген. Бірақ қоғамдық тәртіп күшейді.  «Интегра» мен «Сергек» жүйелері өздерінің тиімділігін көрсетті.

Алмас Тастанбеков, облыстық ПД Әкімшілік полиция басқармасының басшысы:

– Қазір бізде облыста 97 зияткерлік жүйе жұмыс істеп жатыр. 1 наурыздан бастап «Сергек» жүйелерді жұмыс істеп жатыр. Оның 30 жүйесі тек қана жылдамдықты асыруды анықтайды. Одан басқа 26-сы көше қиылысына қойылған. Бағдаршамның қызыл шамына өтіп кету, сызықты басып кету бойынша анықтайды.

Түркістанның әр бұрышында бейнебақылау камералары орнатылған қауіпсіз қалаға айналдыру жобасы – көлік жүргізушілерін аса қуанта қоймады. Себебі барлығы бақылауда жүруден қашады.