Қарағандыны Қарқаралымен жалғайтын күре жол әбден тозған

Қарағандыны Қарқаралымен жалғайтын күре жол әбден тозған

Қарағанды мен Қарқаралы қаласының арасын жалғайтын республикалық маңызы бар күре жол бүгінде әбден тозған. Әсіресе 40 шақырымы шұрық-тесікке айналып, Матақ пен Көктас ауылдарының тұсында жол апаты жиілеген. Ол аздай кен тасыған жүк көліктері онсыз да жұқарған асфальтты одан сайын езіп жатыр.

Қарағанды-Аягөз-Бұғаз тас жолы осыдан тура 60 жыл бұрын салынған. Содан бері Қарағанды облысына тиесілі 303 шақырымы бір де бір рет күрделі жөнделмепті. Шұрық-тесік жолмен қалаға жету қиямет қайым, дейді жүргізушілер.

БЛИЦ:

- Мен бүгін автобуспен 12:40-та келуім керек еді. Сағат 1 болды. Жолдың нашарлығынан кестеден кешігіп жеттім.

- Күніне әзер бір-ақ рет бар келемін ғой. Жол жаман. Ходовкасы кетіп, быт-шыт болып жатыр ғой жолдар. Бір ай болды ходовка істеткеніме, тағы тарсылдап бүкіл жері жарылып жатыр.

Осы жолдың арқасында қаншама авария болып жатыр, қаншама кісі қайтыс болып жатыр. Мынау Қазақмыс концентрат тасығаннан кейін жолдың бәрі шұңқыр-шұңқыр, гармошка-гармошка қазір. Түңгілік жүру вообще опасно бізде.  

Жол бойындағы ондаған елді мекеннің жұрты бұл мәселені талай жылдан бері қозғап келеді. Биыл әйтеуір сең қозғалды. «Нұрлы жол» бағдарламасымен күре жол қайта салынатын болды. Жуырда жобалау-сметалық құжаттары дайындалып, 2024 жылы құрылыс басталмақ.     

Сырым Хамзин, "Қазавтожол" ҰК" АҚ ҚОФ директоры:

- Қазіргі жай-күйі 3-техникалық санат, ені 7 метр асфальт-бетон жабындысының. Екінші техникалық санатта 9,25-ке дейін кеңейтіледі. Қайта жаңартудың арқасында ұзындық бөлік, еңістікке барлық түзетулер енгізіледі осы жолдың, қауіпсіздік жағынан көп қарастырылатын болады.

Ал құрылыс аяқталғанша тұрғындарға осы жолмен қатынай тұруға тура келеді. Жауапты мамандардың айтуынша, осы көктемде 800 шаршы метрі жөнделіп, ойылған жерлері бітеледі екен. Ескірген жол белгілері ауыстырылады.

Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Аслан Демесбаев