Ақтасты ауылында оқушылар жер үйде оқып жүр – Жамбыл облысы

Жуалы ауданындағы Ақтасты ауылының балалары саз балшықтан салынған жер үйде білім алып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның өзі апатты жағдайда тұр. Кезінде жергілікті білім бөлімі жекенің үйін мемлекеттің балансына алған еді. Содан бері оқушылар кәдімгі 4 бөлмелі үйде оқуға мәжбүр. Бір қызығы, ауылда жаңа мектеп ғимараты бар.  Бірақ ол пайдалануға берілмей тұр. Мәселенің мән-жайын тілшіміз анықтап көрді.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

Ақтасты бастауыш мектебі. Қазір Қошқарата ауылдық округіне келдік. Жуалы аудандық білім бөлімінің Ақтасты бастауыш мектебі. Ескі мектеп. Ауласында көріп тұрсыздар мал жайылып жүр. Мектеп құлыптаулы.

Біз барғанда оқушылар тарап кетіпті. Бастауыш білім ордасы түске дейін ғана жұмыс істейді. Мектепті көрмек болып әрі-бері сұрастырып көріп едік күзетші келді.

Мектеп меңгерушісі аудан орталығына кеткен көрінеді. Ішіне кіріп көре алмадық. Мектеп деуге келсе, әрине. Қабырғасы сөгіліп, сылағы үгітіліп жатыр. Үгітілмегенде, саз батпақтан тұрғызылған үйдің тұрғанына 60 жылдан асқан. Заман талабына сай білім алмақ түгілі ішіне күнделікті кіріп-шығудың өзі қауіпті.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

Ал енді мынаны қараңыздар! Міне мына жерде сол жағымда ұлдарға арналған әжетхана. Оң жағымда қыздарға арналған. Екеуінің арасы екі жарым, үш метр ғана. Ал енді ішіне, ооо, ішіне кірудің өзі мүмкін емес.

Бұл жерде мектеп ішіндегі әжетханаға барып, қол жуып партаға отыру арман дерсің. Тоз-тозы шыққан ғимаратта 1-4 сынып аралығындағы 17 оқушы оқиды. Жоғары сыныптар көрші Қошқарата ауылына қатынайды.

Гүлайым Алтаева, Ақтасты ауылының тұрғыны:

Қауіпті, апатты жағдайда. Төбесінен су да ағып жатыр. Ішіне кірсеңіздер көресіздер. Пеш жағылады. Көмір нашар. Кейбір пештер істемейді де жақсы. Жанбайды да. Суық болған күні бірігіп оқиды бір кабинетте бәрі. Білім алу керек қой енді. Ләж жоқ жіберіп жатырмыз.

Бұл жағдайды көріп танысқан кәсіпкердің бірі ауылға кіре берістен жаңа мектептің ғимаратын салған. Енді оны 74 миллион теңгеге бағалап мемлекетке өткізбек. Ал әкімдік нысанды балансқа ала алмай отыр. Зерделеу жұмыстары кезінде кемшіліктер анықталған.

Нұрмахан Тыныбеков, Жуалы аудандық білім бөлімінің басшысы:

– Ғимараттың санитарлық эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келмейтіндігі анықталды. Жұмыс жобасында сейсмикаға қарсы шаралар қарастырылмаған. Одан кейін құрылыс алаңында өткізілген инженерлік -геологиялық ізденістер туралы есеп жоқ. Жобада спорт зал қарастырылмаған.

Жобаны жөнге келтіріп, мектепті талапқа сай етіп сәйкестендіру жөнінде кәсіпкерге ұсыныс берілген. Алайда ол әлі күнге дейін қанағаттандырылмапты. Қосымша спорт зал салынса, нысанның бағасы 74 миллион теңге емес, одан да қымбаттауы мүмкін. Қазір бұл бағытта облыстық және аудандық бюджеттен қаржы қарастырылып жатқан көрінеді. Ал әзірше шалғайдағы Ақтастының балалары биылғы оқу жылын апатты жағдайдағы мектепте бітіреді.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә