Қарағанды облысында үй құрылысы өз уақытында салынып бітпеді

Қарағанды облысында үй құрылысы өз уақытында салынып бітпеді

Қарқаралы қаласында мемлекеттік бағдарламамен салынып жатқан екі бірдей тұрғын үйдің құрылысы кестеден бір жылға кешігіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жоба бойынша 36 пәтерлік баспаналар былтыр тапсырылуы керек еді. Алайда құрылыс жұмыстарының жартысы да аяқталмаған. Үш қабатты үйлерді салу үшін мемлекет қазынасынан 355 миллион теңге бөлініп, 2020 жылы іргетасы қаланады. Бірақ құрылыс материалдары күрт қымбаттап, жобаға түзету енгізуге тура келеді. Мамандардың айтуынша, енді шамамен тағы 200 миллион теңге қажет. Биыл мамыр айына дейін қажетті қаражат аударылып, жұмыс қайтадан жанданады деген жоспар бар. Алайда өткен жылы құрылыс тоқтап тұрған кезде үйді су басып, сыз тартқан қабырғалары жарылып кеткен. Себебі төменде орналасқан бұл жерге таудан аққан қар суы  жиналады екен. Қазір құрылыс бөлімі үйдің техникалық жағдайын анықтау үшін сараптамаға беріп, нәтижесін күтіп отыр.

Талғат Омаров, Қарқаралы аудандық құрылыс бөлімінің басшысы:

– Сыртынан қаптаған кірпіште жарықшақтар пайда болды 2-3 жерден. Соны біз тексертіп жатырмыз. Осы корректировкада сол жұмыстар жасалып жатыр қосымша. Соның шешімімен көреміз қандай жағдай болатынын. Жарықшақ бар жерді маяктар қойып тексеріп қарадық. Әрі қарай ол кеткен жоқ. Дегенмен жаңағы проект жобалаушы мекемелер оны зерттеп почвасын төрт бұрышынан анализдерін қайтадан алып, геологиясын қарап, соны тексеріп жатыр. Енді олардың рассчеты қандай болатынын мен әзір айта алмаймын.