Семей полигоны маңында ластанбаған жерлер ел игілігіне беріледі

Бүгін Мәжілісте «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бұл алғаш рет заңнамалық деңгейде реттеліп отырған маңызды жоба екенін айтты. 2008 жылдан бастап Ұлттық ядролық орталық полигон аумағына толық тексеру жүргізілді. Биыл тексеру материалдары мемлекеттік экологиялық сараптамаға жіберілмек. Содан кейін ғана полигонның шартты таза және нормативтен тыс ластанған жерлерінің шекарасы айқындалады.

Ерлан Қошанов ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

– Бүгін біз өте маңызды заң жобасын мақұлдадық. Бұл мәселе алғаш рет заңнамалық деңгейде реттелейін деп отыр. Жергілікті халық бұл мәселені көптен бері көтеріп жүр.  Осы заң сол жерлерді реттеу және қалпына келтіру үшін жүйелі жұмыс жасауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде табиғаты ластанбаған, экологиясы таза жерлер халықтың игілігіне беріледі. Енді аталған заң жобасының қаралуы Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сол Абай облысын құру жөніндегі шешімімен тұспа-тұс келіп отыр. Осы облыстың, жаңа өңірдің экономикасын дамытуға, экологиясын тазартуға үлкен үлес қосады деп ойлаймын.