«Қошқар атаның» улы аймағы құммен көміледі – Маңғыстау облысы

Ақтаудан 5 шақырым жердегі «Қошқар ата» улы көлінде залалсыздандыру жұмыстары басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл 905 гектар жерге қалыңдығы 30 см болатын құм төселеді. Ол үшін бюджеттен 3 млрд теңге бөлінген. Осыған дейін Маңғыстаудың басты экологиялық мәселесін арнамыздан бірнеше мәрте көрсеткен едік. Мұнда Кеңес кезінде 3 зауыттан шыққан 105 млн тонна уытты қалдық төгілген. «Қошқар ата» көлінің қаупі туралы 30 жылдан бері айтылып келеді. 51 миллион тонна радиоактивті қалдығы бар қойма айналасындағы 3 елді мекенге қауіп төндіріп тұр. Соңғы уақытта көлдегі су құрғап, салдарынан химиялық элементтер желмен ұшып, қоршаған ортаға таралып жатыр.

Ауыл тұрғындары:

Қарайған арыз жазып жатырмыз акиматқа да, қалаға да барып жазып жатырмыз, ешқандай көмек жоқ. Осы радиацияны кетіріп берсе.

Асқазаннан көп адам ауырады, радиация болған жерде денсаулыққа зиян болады.

Таңертең ұйқыдан тұрғанда тұра алмайсың, мұның бәрі химиялық элементтердің салдарынан деп білеміз. Рак аурулары, аурудың 80%-і Маңғыстаудан шығып жатыр. Тезірек жұмыстанса екен дейміз әкімдік.

Улы көлдің маңына мал жайылып, бүтін ауыл тіршілігін жалғастыруда. Сондықтан экологтар ерекше алаңдайды.

Әділбек Қозыбақов, эколог:

Шөпті адамдар асырып жатқан мал жейді, мал арқылы, сүт арқылы адам ағзасына келіп жатыр. Шаң болып ұшып жатқан радиоактивті қалдықты адамдар жұтып жатыр.

Қауіпті сейілтудің бір жолы – қалдықты көму. Сондықтан 2 жыл бұрын құм төсеу жұмыстары басталған еді. 100 га аумаққа 300 мың текше метр топырақ көмілген. Алайда жұмыстар тоқтап қалды.

Ербол Денов, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:

– Соттың кесірінен 1 жылға созылып кетті. 2021 жылы жұмыстар басталды. Республикалық бюджеттен 1 млрд.тг бөлініп, 266,2 га көлемді жұмыстар жасады. Қаражат толықтай игерілді. 2021 жылы Курчатов қаласындағы ұлттық ядерлік центрден келіп, зерттеген болатын. Анықтамасын шығарған болатын, шынымен де Қошқар атада радиоактивті қалдықтар бар екеніні анықтамасын берген. 2022 жылы жұмыстар жалғасып жатыр.

Биыл наурызда 905 гектар жерге биіктігі 30 см құм төсеу жұмыстары басталды. Үйінді етіп төгілген топырақты техникамен жайып, үстіне су шашады. Осылайша құмды қатқыл жабындыға айналыру жоспарланған. 2024 жылға дейін бюджеттен тағы 1 млрд.тг бөлінбек. Бұдан бөлек, 40 га жерге сексеуіл егіледі.

Авторлары: Әйгерім Ашықбаева, Саламат Бекбаев