Мақсатымыз – бір млн гектар жерді мемлекетке қайтару – Жеңіс Қасымбек

Қарағанды облысы бойынша 1 миллион гектар жер тиімді ұсталмайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әлемдегі қазіргі ахуал агро салаға да салқынын тигізуі ықтимал. Себебі қазірдің өзінде қажетті техника немесе тұқым сатып алуда бірқатар мәселелер туындап жатыр.

Бұған қарамастан Қарағанды облысы жылдағыдай ірі көлемде егін егіп, мол өнім алуға үмітті. Осы мақсатта облыс әкімі Жеңіс Қасымбек фермерлердің басын қосып, өзекті мәселелерді талқыға салды.

«Қайнар» серіктестігі биыл 35 мың гектар жерге дәнді дақыл егуді жоспарлап отыр. Онда 220 адам жұмыспен қамтылған. Соңғы 3 жылда негізгі қорға 1,5 миллиард теңге қаржы құйыпты. Нәтижесінде ауылшаруашылық техникасымен құрал-жабдықтары жаңартылған. Десе де бірқатар түйін шешімін таппай отыр.

Сейтжаппар Нығметов, «Қайнар» ЖШС басшысы:

– Егістік алқаптың көлемі 50 мың гектардан, жалпы көлемі 120 мың гектар жермен шектелсін деген ұсыныс айтылған және мерзімі аяқталған жер телімдерін жұмыс істеп тұрған шаруаларға мерзімін ұзартуға мүмкіндік берсе. Осы сұрақты министрлік алдында көтерсеңіз. Егістік көлемі күрт қысқарса, инвестиция көлемі де азаяды, жұмысорыны азаяды.

Жалпы тек облыста емес, республика бойынша жер мәселесі өткір тұр. Қарағанды облысы бойынша 1 миллион гектар жер тиімді ұсталмайды. Көбісі жайылым жерлер. Қазір әкімдік осы бағытта жұмысты қолға алған.

Жеңіс Қасымбек, Қарағанды облысының әкімі:

– Біз мына алдағы 2 жылда алға қойған мақсатымыз осы 1 млн гектар жерді Үкіметке, мемлекетке қайтару. Мына Ростовка осы жерден алыс емес қой, онда мал басы өсіп жатыр, бірақ жер жоқ. Біз КХ «Кировпен» кездесіп 7,5 мың гектар жерді мемлекетке қайтарып жатыр. Оны таратамыз. Осындай жұмысты әр-бір аудан бойынша бастадық.

Жақсы өнім алу үшін фермерлерге ғылым өкілдері көмектеседі. Облыстық агрокеңесте ғалымдарда нақты  практикалық ұсыныстар берді. Атап өткен жөн, облыста егіс  науқаны мамырдың ортасында басталады. Облыс бойынша 1 млн гектар жерге егін егу жоспары бар.

Авторы: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайран Ақамбеав, Аслан Демесбаев