Маңғыстау облысында 180 мың халқы бар ауданда орталық аурухана жоқ

Ақтаудан 10 шақырым қашықтықта орналасқан ауданда 180 мың адам тұрады. Ем-дом іздеген науқастар қалаға жатқызылады. Тұрғындардың айтуынша, жергілікті әкімдік соңғы 5 жыл бойы жаңа аурухана салынады деп уәде беріп келген. Сапалы медициналық көмекке зәру науқастар облыс орталығы немесе өзге өңірлерге сабылуға мәжбүр.

Мұнайлы өңірдегі демографиялық көрсеткіші жоғары аудан. Маңғыстауға көшіп келген оралмандар да осында қоныстанады.  Сондықтан халық саны жыл сайын 10 мыңға өсіп жатыр. Тұрғындардың айтары бір. Ауданға аурухана керек, қалаға қатынап шаршаған. 

БЛИЦ:

- Қалаға бару қиындау болады, кейде скорый шақырасың, уақытында келмейді. Больница болса жақсы болар еді. Үлкен адамдарға қиын болады, жол талқан шығып жатыр. 

- Бару керек, тағы келу керек, жолдың шығыны бар, пенсия содан бітіп қалады. 

- Халық көп, осы жерден бір аурухана болса, анау күні жаттық, бір ай порталға дайындаймыз деді, орын жоқ жататын барайық десек, осы жерден болса ешқандай қиындық болмайды, документ дайындап береміз, жата қоямыз.

Тұрғындардың айтуынша, Мұнайлыда медициналық нысан аз. Әзірге  7  амбулатория мен 8 емхана бар. Ал аурухана қызметі 2019 жылы қаладағы «Арчимед» клиникасына сенімгерлік басқаруға берілген. Мұндағы 65 төсек-орын аздық етеді. Қазір ауданда тек күндізгі стационар ғана қолжетімді. Ал 1 жылда 2600 науқас ем алған.

Әйгерім Ашықбаева, тілші:

- Аудандағы емханада 14 орындық  осы күндізгі стационар ғана бар. Мұнда күніне мамандардың айтуынша 50 шақты адам келеді. Кейде науқастардың кезек күтіп қалатын кездері болады екен. Таңертең 8-ден кешкі 5-ке дейін 2 медбике науқастарға осы жерде ем-шара жасайды.

Мұнайлыда кадр тапшылығы да сезіледі. Жас мамандар ауылға үйір емес, жеке клиникаға ауысып кетеді.

Жанар Досжанова, Мұнайлы аудандық емхананың директоры:

- Жалпы телімдік дәрігер 7-еу, детский кардиолог, балалар инфекционисі, травмотолог, ересектер эндкринологы және УДЗ маман жетіспейді. Қазіргі таңда дәрігер тапшылығы Қызылтөбе амбулатория жетіспейді және сонымен қатар Батыр дәрігерлік амбулаториясына жетіспейді. 

Орталық аурухана салынатыны 5 жыл бұрын айтылған болатын. Тек биыл ғана сең қозғалып, 150 орындық аурухананың құрылыс жұмысы басталды.

Махмуд Қалжанов, Мұнайлы аудандық құрылыс бөлімінің басшысы:

- Биылғы бөлінген қаржысы 2 млрд теңге, жалпы келісім-шарт құны 11,8 млрд теңге деп белгіленген. Құрылыс ұзақтығы 13 ай деп белгіленген. 6 негізгі блоктан тұрады, оның ішінде медициналық жабдықтармен 5 блок жабдықталады. Жер қазу жұмыстары басталды. 

Алдағы уақытта көп бейінді ауруханада перзентхана, жұқпалы аурулар бөлімшесі, балалар бөлімшесі, хирургия, терапиялық бөлімшелер болады деп жоспарланған. Мамандар Алматы, Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Ақтөбе  қалаларынан және Мұнайлыдан бітірген мектеп түлектері шақырылмақ. Сондай-ақ дәрігерлерді тұрғын үймен қамту жоспарланған.

Әйгерім Ашықбаева, Ренат Дүйсалиев