Қарағанды облысының Қарқаралы қаласында ауыз су тапшы

Қарағанды облысының Қарқаралы қаласында ауыз су тапшы

Қарағанды облысының Қарқаралы қаласында ауыз су тапшы. Орталық су торабы 9 мың тұрғыны бар шаһарды толық қамтамасыз ете алмай отыр. Себебі жерасты суының қоры тым аз. Тіпті қыс айларында тіршілік нәрі тәуліктеп берілмей қалады екен. Өзекті мәселе қашан шешіледі? 

Ардақ Асылханұлы, тілші:

- Қарқаралы қаласын тіршілік нәрімен толық қамтамасыз ету үшін тәулігіне 300-350 текше метр су қажет. Бірақ мына су қоймаларының оған күші жетпейді. Қыс уақытында су деңгейі төмендеп кеткен кезде бар болғаны 180-200 текше метр ғана су бере алады.

Бұл әрине жеткіліксіз. Себебі Қарқаралыда техникалық су жоқ. Халық ішуге де, шаруашылыққа да осы суды пайдаланады. Қысымның төмендігінен тіпті кейбір көшелер мүлдем сусыз қалып отыр. Тұрғындар өзге жақтан тасып ішуге мәжбүр. Ал колонкалар әлдеқашан істен шыққан. 

Венера Рахымжанова, Қарқаралы қаласының тұрғыны:

- Суымыз көбінесе болмайды. Су келмей қалады. Қыстың күні кісілер тәшкемен тасиды. Су жоқ. Колонкамыз әне вообще быт-шыт, сынып жатыр. 

Лаура Нұролла, Қарқаралы қаласының тұрғыны:

- Көрші маңай бірімізге біріміз ілігіп, машиналары бар адамдармен су тасимыз. Су мәселесін шешетін бағдарламалар болды ғой. Бірақ сол бағдарламада неге осы Қарқаралының ішіндегі біздің колонка қалып қойды деген сұрақ барлығымызда бар.

Қазір Қарқаралыда 6 су ұңғымасы бар. Бірақ оның барлығы 90-жылдары тұрғындарды сусыз қалдырмау үшін уақытша салынған екен. Себебі сол кезде «Жарлы-Қарқаралы» жобасы қолға алынған. Алайда құрылыс 5 жылдан соң тоқтап қалып, барлық құрылғы талан-таражға түседі. Биыл енді сол игі жоба қайтадан қолға алынды. 

Талғат Омаров, Қарқаралы аудандық құрылыс бөлімінің басшысы:

- Ондағы судың мөлшері, сапасы Қарқаралы халқын толық қамтамасыз етуге жетеді. Енді биылғы жылы республикалық бюджеттен 1 миллиард 700 миллион ақша бөлініп жатыр. Сол бөлінген жағдайда біз негізгі жұмыстың где-то 60-70 процентін бітіруге толық мүмкіндігіміз бар.

Яғни жоба бойынша 3 сорғы станциясы, сыйымдылығы 2 мың текше метр болатын 3 бірдей су қоймасы салынып, 38 шақырым құбыр тартылмақ. Бұл мақсатқа шамамен 2 миллиард 400 миллион теңге қажет. Бұған қоса қалаішілік су жүйесі де жаңартылады. 

Ғалым Мұсағалиев, "Қарқаралы су" мекемесінің басшысы:

- 32 шақырымның енді где то шындығын айтсақ 80-85 пайызы тозып тұр ғой. Қазір ақша бөлініп жатыр. Былтыр біз 2 шақырымын айырбастадық. Сол Жарлы келгенше біз шамамыз келгенше мынау негізгі құбырларды айырбастап үлгіруіміз керек.   

Құрылыс 2023 жылы түгел аяқталуы тиіс. Сол кезде Қарқарылаға тәулігіне 4 мың текше метр су беруге мүмкіндік болады. Бұл тұрғындарды қысы-жазы тіршілік нәрімен қамтамасыз етуге жеткілікті. Мамандардың зерттеуінше, игі жоба таулы аймақтың экологиясын жақсартуға да оң серпін бермек. Себебі ормандағы жерасты су қорының азаюынан қарағайлардың қурап қалу қаупі бар.

Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Аслан Демесбаев