ШҚО: Белоусовка кентінің тұрғындары ауыз судың азабын тартып келеді

Шығыс Қазақстан облысы Белоусовка кентінің тұрғындары 2 жылдан бері ауыз судың азабын тартып келеді. Сағаттап берілетін тіршілік нәрін толтырып алуға үлгіре алмай қалатындар үй жағалап, су сұрап жүреді. Тіпті құбырдан тамшылаған судың сапасы да сын көтермейді. Коммуналдық қызмет мамандары мұны қондырғының дұрыс іске қосылмауынан деп отыр. Алайда жауапты мекеменің уәжімен жергілікті тұрғындар келіспейді. Олар қыруар қаражатты шығындап, атқарылған жұмысты техникалық сараптамадан өткізу керек деп талап етеді.

- Міне 5 литр су жинап алдым. Енді оны арнайы фильтр арқылы сүзу керек. Себебі осы қалпында ішу қауіпті.

Кентке тартылған су құбырының қазіргі жағдайы шынында аянышты. Салақ жүргізген жұмыстың салдарынан су жинайтын құдықтар асып сыртқа төгіліп жатыр. Тұрғындар амалсыздан бөгеттер тұрғызып тастапты. Осылайша ішерге таппай отырған су текке рәсуа болып жатыр.

- Жуынып, кір жуу үшін осындай ыдыстарға су жинап аламыз. Әйтпесе орталық құбырға сенім жоқ.

Мынау жергілікті агроколледж жатаханасы. Ғимаратта судың тапшылығынан кір жуатын орын жабық тұр. Студенттер апталап жуынбай жүретінге ұқсайды. Мұндай жағдайда санитарлық талаптар мен тазалық жөнінде айтудың өзі артық.

Нұрлан Әлқожанов, Белоусовка агроколледжінің қызметкері:

- Су тапшылығы жатахана жұмысына үнемі кедергі келтіреді. Жүздеген баланың тамағын дайындайтын, жуынатын суын тасымалдап күнелтіп отырмыз. Себебі су құбырына қараған күн қараң.

Шағын кентті ауыз сумен қамтуды ұйымдастыру үшін тұрғындар бір жыл бойы күресіп келеді. Белсенді топ ауданды қойып, облыстық әкімдіктің табалдырығын тоздырыпты. Олардың берген уәделері құжатталған, қолдарында жүр.

Былтыр қараша айында аймақ басшысы отыратын облыстық әкімдікте де болдық. Бірақ нәтиже жоқ.

Сапасыз салынған су құбырының құрылысына жауаптыны іздеп біз облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналды шаруашылық басқармасына хабарластық. Ондағылар: «Белоусовкадағы су құбырына негізгі тапсырыс беруші аудандық әкімдік жауапты» дегенді алға тартты.

Алма Қайрақанова, Энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:

- Жергілікті өзін өзі басқару заңы бойынша аудан әкімі тапсырыс беруші ретінде жауапты болып танылады. Ал ол құрылыс бөлімшесіне ме әлде қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі арқылы мердігерді анықтайды. Әрі қарай құрылыс сапасына да солар жауапты болады.

Қалалық, аудандық әкімдіктің құзырында өңірді сумен қамтуға арналған 36 миллиард бюджетімен 62 жоба бар. Олардың жүйелі жүзеге асуын жергілікті шенділер бақылайды. Сөйте тұрып, Белоусовка кентінің басшылығы миллиардтар жұмсалған ауыз су құбырының қашан аяқталарын ашып айта алмады.

Татьяна Селезнёва, Белоусовка кентінің әкімі:

- Алағақарай бәрі түзеледі. Құбырды жайғастыру жұмыстары осы жылдың аяғына қарай бітуі тиіс. Сол кезде ауыз су мәселесі толық шешімін табады. Бірақ анық мерзімін айта алмаймын.

Мұндай құйтырқы жауап кент тұрғындарын қанағаттандыра алмайтыны белгілі. Олар жылдар бойы жыр болған құбыр проблемасын жедел шешуді талап етуде. Сондықтан тұрғындар техникалық сараптама арқылы жобаның нәтижесіне көз жеткізбек. 

Аслнбек Шығыр, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин