Атырауда көктемгі дала жұмысына маман тапшы

Атырауда егіс алқабындағы науқандық жұмыстарға 20 жылдан бері тұрақты келіп жүрген шет елдіктер де бар. Ала тақиялы ағайындардың диқаншылыққа қашанда қыры бар. Тіпті, жаңа технологияны да лезде меңгере кетеді. Мұнайлы өңірдегі егіс алқаптарында жүргендердің  70-80 %-ін солар құрайды. Жергілікті тұрғындар болса, жандарын қинамай табысқа кенелгілері келетін сыңайлы. Немесе, қашан қомақты айлығы бар жұмыс табылғанша күтеді. Олар үшін  100 мың теңге табыс емес көрінеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Серік Базарбаев, «Бақсай» ауыл округі әкімдігі аппаратының бас маманы:

Ауданға жақын болғаннан кейін көпшілігі жеңіл машиналарымен такси болады, сондай жеңіл-желпі жұмысты жасағанды тәуір көреді.  Сосын вахталық әдіспен жұмыс істейтіндер көп. Мына шаурашылықтардың беріп отырған 100 мыңның үстіндегі айлықты азсынады. Жұмыс та ауыр ғой, жалақы көтермесе, бармаймыз дейді.

Махамбет ауданына қарасты Бақсай ауылдық округінде 80-нен астам шаруашылық құрылымы бар. Оның 21-і егінмен айналысады. Шаруаның барлығында ортақ проблема жұмыс күші тапшы. Биыл әкімдік арқылы 30-ға тарта жергілікті азаматты жұмысқа тартқан екен. Бірақ ешқайсысы дала қосынына келмепті. Егісте жүрген 50 жұмысшының ішінен бірде-бір жергілікті тұрғынды ұшырата алмадық.

Андрей Кан, шаруашылық жетекшісі:

Биыл біздегі жұмысшылардың барлығы шетелдіктер. Себебі ауылдықтар үшін біздің төлейтін 100-120 мың теңгеміз аздау көрінеді. Бірақ одан артыққа көтере алмаймыз. Егер жалақыны көтерсек, өнімнің өзіндік құны қымбаттайды, ол тұтынушының қалтасына тиеді. Өніміміз өтпей қалады. 

Мәселені шешу үшін жергілікті билік арнайы жұмыс тобын құрып іске кірісіпті. Қазір әлеуметтік желі арқылы, мерзімдік баспасөз беттерінде көктемгі дала жұмыстарына шақыру жүйелі жүріп жатыр.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев