Қазақ-өзбек шекарасы толыққанды ашылды

Қазақ-өзбек шекарасы толыққанды ашылды

Сабыр Рахымов атындағы Ташкент орталық сапаржайында көптен бері мұндай қарбалас болмаған. Жолаушылардың дені қазақ-өзбек шекарасының толыққанды ашылып, барыс-келістің жанданғанына дән риза. Пандемия кезінде ең алдымен тасымалдаушы компаниялар шығынға  ұшыраған еді. Күніне бір ғана Алматы бағытына 10 рейс орындалатын. Бір мезетте барлығы тоқтады. Жолаушылар тек ұшақ қатынасына жүгінді, 

деп хабарлайды «Хабар 24».

Хомиджан Насрұллоев, тасымалдаушы компанияның басшысы:

Өте қиын болды. Жүргізушілердің көбі жұмыстан босады. Қазір қайта жинап жатырмыз. Кәсіп қалпына келуде. Автобустарды толық жаңарттық. Біраз қаржы құйдық. Енді жолаушылар саны артады деген сенімдеміз.

Ташкент пен Алматы арасы 800 шақырым. Жол ұзақтығы –18 сағат. Автобустар кеден бекетінде кемі 1 сағат аялдайды. Азаматтардың құжаты тексеріліп, талапқа сай екені расталса, шекарадан өтуге рұқсат. Бұған дейін автобус қатынасы 16 наурызда қайта іске қосылады делінді. Алайда жоспар кешірек орындалды. Қазақстандық тарап шекараны тек 11-сәуірден бастап ашты.

Әзизбек Сабиров, тасымалдаушы компанияның басшысы:

Сайран автовокзалынан, осы жерде Сабыр Рахимов автовокзалынан онлайн билет алса болады. Алматы действующий. Жүріп жатыр. Алматыдан Нүкіске де жиналып жатыр. Бастысы Қазақстанның минздравы рұқсатын берді. Шекара ашық болды.

Екі елдің арасында жолаушы тасымалдайтын 20-ға тарта компания бар. Тең жартысы – қазақстандық. Ташкенттен Шымкент, Алматы, Нұр-Сұлтан, Түркістан, Қызылордаға дейін қатынайды. Екі жылдай тұралап қалған кәсіптің халыққа берері мол. Әр тасымалдаушы компанияда 60-қа тарта адам еңбек етеді. Енді жүргізушілер қазақ-өзбек арасында барыс-келіс тоқтамайды деп тілейді.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Санжар Шатөлегенов