Шымкенттік Дмитрий туылғалы құжатсыз өмір сүріп келеді

29 жастағы Дмитрий есімді жігіт туылғалы құжатсыз өмір сүріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Не жеке куәлігі,  не басқа да құжаты жоқ. Бірнеше – рет  мәлімет жинап әрекет жасап көрген.  Бірақ онысынан еш нәтиже шықпаған.

Дмитрий Чурсин, қала тұрғыны:

Негізі Өзбекстаннанмын. Сол жақта туғам. Кезінде анам сонда оқыған, бірақ Қазақстанның азаматы. 16 жасқа толып құжат жеке куәлік жасау керек болғанда Халыққа қызмет көрсету орталығындағындағы мамандар Өзбекстаннан анықтама алып кел деді. Мен қалай барам? Шекарадан құжатсыз өткізбейді. Ал анамды несие қарызы болған соң оны да шығармайды.

Куәліксіз жүріп-тұру оңай шаруа емес дейді Дмитрий. Ресми жұмысқа да орналаса алмайды.  Некеге тұрып, куәлік алғысы келеді.  Бірақ ол құжатсыз жүзеге аспайды.  Тіпті, ел ішінде жүру – проблема.  Қарапайым билеттің өзін алу мүмкін емес дейді ол. Дәл осы сияқты қалада 100-ден астам адам бар көрінеді.

Лидия Мухортова, қала тұрғыны:

Шаруа қожалықтарда,  егін алқаптарында жұмыс істедім. Ешкім құжат жасап бере алмады. Жасаймын деп қанша жерден әркеттенгенімен мұрағатта мәлімет жоқ. Естуімше бәрі өртеніп кеткен.

Ал Владимирдің құжатсыз жүргеніне 30 жыл болған.  Бұл жігіт жүзін ашық көрсетуден сескенеді.  Ол кезінде әскери адам болған.  Кеңес үкіметі құлаған тұста паспортын жоғалтып содан бері тентіреп жүр.

Мамандар мұндай тұлғаларға құжат жасауға болады деп отыр.  Көші-қон полициясы мен құқықтық орталық мұндай проблемаға тап болғандарға бірлесіп көмек береді.  Қызметтің бұл түрі тегін көрсетіледі.

Элина Еникеева, құқықтық орталық заңгері:

Үшінші ұрпағы құжатсыз жүрген әулеттер бар.  Яғни, кезінде ата-анасы Кеңес үкіметінің паспортын жеке куәлікке ауыстыра алмаған.  Сәйкесінше, бала-шағасы да құжатсыз деген сөз. Еліміздің аумағында  кез келген тұлғаның құжат алуы немесе қандай да бір статусы болуы аса маңызды.

Өткен жылы 255 адамның жеке басын дәлелдеп көмек көрсетілген.  Мамандар бұл оңай шаруа емес деп отыр.  Алайда одан басқа жол жоқ.  Заңды өмір сүру үшін заңды құжат болу керек.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы,  Катерина Попкова,  Нұрмахан Бекмұратов