Түркістан облысында диқандар көкөніс жинауға көшті

Түркістан облысында диқандар көкөніс жинауға көшті

Жетісай – еліміздің ең оңтүстік нүктесінде орналасқан аудан. Мұнда көктем ерте шығады. Диқандар да ерте қимылдап, көкөніс дақылдары сәуір айында пісе бастайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал ол кезде басқа  өңірлер жер жырту жұмыстарын енді аяқтап жатады.

Шаблан Дәлдәбеков ауылдық округінің тұрғыны Шалқарбек Тілеуов бірнеше жылдан бері қырыққабат дақылын егумен айналысады. Биыл да үш гектар жерге орамжапырақ көшетін отырғызған.

Шалқарбек Тілеуов, шаруа:

Бас жағына Парауо, Мангус деген екі сортын егемін домалықтан. Мына Пекинка деген биыл бірінші жыл. Байқап көру үшін 15 мың түп ектік, жақсы шықты. Бір камаз толды. Мысалы мына жарты гектардан 20 тонна шығып жатыр. Ал домалақтан гектарына 60 тонна шығарамыз. Сұраныс жақсы, кезек тұр. Биыл өнім жақсы, Ресейге жіберіп жатырмыз. Былтыр баға 200 теңге болса, биыл 240 теңгеден.

Мамандардың айтуынша, биыл жыл жетісайлық диқандар үшін жемісті болмақ. Себебі көктем қолайлы, жауын-шашын мол болды. Шаруалар ағын судан тарыққан жоқ. Оның үстіне, фермерлер жаппай тамшылатып суару технологиясына көшу арқылы суды да үнемдеп отыр.

Қанат Тілеуов, Ш. Ділдәбеков ауылдық округінің әкімі:

Тамшылатып суару тәсілімен суарылады. Ол суды үнемдейді және су тірке әр көшеттің түбіне барып тамады. Ол қырыққабат біркелкі өссе, әрі суды да үнемдейді. Былтыр 8 гектарға егілген болса тамшылыатып суару, биыл 60 гектарға егу жоспарлануда. Өйткені қазір қауын-қарбызды да осы тамшылатып суару жүйесі арқылы егу жоспарланып отыр.

Биыл Жетісай ауданының шаруалары 900 гектар аумаққа қырыққабат дақылын екен. Алдын ала болжам бойынша одан 30 мың тонна өнім алу жоспарланып отыр. Қырыққабаттың басым бөлігі Ресей, Беларусь және Еуропа елдеріне экспортталады. Айта кетейік, жергілікті шаруалар жаппай бір алқаптан жылына 3 өнім алу технологиясына көшіп жатыр. Ерте көктемде қырыққабат ексе, оны сәуір айында жинап алып, орнына қызанақ, қияр, сәбір егеді. Маусым айында піскен көкөністі теріп алып, ол жерге жүгері, сыпыртқы, асқабақ отырғызылады. Осылайша ауа райы қолайлы өңірде жыл он екі ай бойы жеміс жинауға мүмкіндік болады. Соның нәтижесінде өнім көлемі де, шаруалардың табысы да артады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов