Қостанайда кенелер жылдағыдан ерте шықты 

Қауіпті инфекция қоздырғыштарын анықтау үшін 10 мыңдай қансорғыш тексеріледі. Биыл уақытынан ерте оянған буын аяқтылар агрессивтілігімен ерекше. Осыған байланысты былтыр аймақта энцефалит өршіді. Ал тулерямия ауруы бес жыл бұрын тіркеліпті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Людмила Налобина, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы:

Біздің өңірде тулерямия қаупі жоғары 32 аумақ бар. Қоршаған ортада өмір сүретін инфекцияларды анықтау мақсатында алдын ала белгіленген аумақтарға шығып тұрамыз. Қажет болса, тұрғындарға тулерямияға қарсы екпе жасаймыз.

Әдетте қансорғыш жәндіктердің белсенділігі мамыр айының басында байқалады. Биыл екі аптаға мерзімінен бұрын оянды. Бұл құбылыс күннің ерте жылынуымен байланысты. Санаулы күндердің ішінде кенелер алты адамды шағып үлгерген. Оның біреуі бала. Зардап шеккендердің дені қала тұрғындары.

Людмила Налобина, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы:

Барлығы 21 күнге инфекциялық мамандардың бақылауында болады. Олардың дене қызуын ұдайы өлшейміз. Құлан таза айыққаннан кейін есептен шығарамыз.

Ал Шымкентте 22 адам улы жәндіктен зардап шекті. Бұл былтырға қарағанда үш есе көп. Зертханалық негізде конго-қырым геморрагиялық қызбасы әзірге расталмаған. 

Ұлжан Әлібаева, қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы:

– Шымкент қаласында дәл қазір бастап жүргізіліп өңдеу жұмыстары жасалуда. 30 мамырға дейін жалғасатын болады. Сондықтан қала тұрғындарынан өтініп сұрайтынымыз өздерінің іргелес аймақтарын, қораларын механикалық тазалап, қиларын шығарып дезинфекциялық жұмыстар ждасауға ыңғайлы жағдай жасауларын сұраймыз.

Шымкентте кенемен күрес шараларына 78 миллион теңге бөлінді. Қаражат ірі қара өсіретін жеке үйлер мен буферлі аймақтарды залалсыздандыруға жетеді. 

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Екатерина Попкова, Ермек Мұхамедияров