Ірі қалаларда көлік көбейіп, жол тарылып барады

Кептелістен ығыр болған жұрт асыққанда автобус жолына түсіп кетеді. Сосын айыппұл төлейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы себепті онсыз да жетпей жатқан жолды тарылтқан билікке өкпелеп талай адам шағымданған. Соған орай Нұр-сұлтан қаласының әкімдігі сауалнама жүргізіп, көптің пікірін білген әрі бұл жобаны қанша адам қолдап, қанша адам қолдамайтынын да анықтады. Нәтижесін арна тілшілері бірге білді.

Автобус жолағына жолай қалған жеке көлік жүргізушілері айыппұл төлеуден шаршадық, дейді. Олар таңғы және кешкі қарбалас уақыттан тыс кезде, сондай-ақ демалыс күндері бас лэйнмен жүруге рұқсат берілгенін қалайды.

Қарбалас уақыттан тыс кезеңде автобус жолағына түсіп кеткен жүргізушілерге кешіріммен қарау керек. Бейнебақылау камерасының ар жағындағы мамандар да кейбір қателіктерге көз жұма қараса жақсы болар еді. Өйткені кей жерлерде асфальт бетіндегі жазулар анық көрінбейді. Ал таңғы және кешкі кептеліс уақытында жол ережесінің қатаң сақталуын толық қолдаймын.

Алайда қала әкімдігі сайтында жүргізілген онлайн сауалнамада бұл бастамамен келіспейтіндердің саны басымырақ болды, 58 процент. Ал қолдаушылар саны сәйкесінше 42 процент. Жеңіл көліктердің емес, габаритті автобустардың, жедел жәрдем және өрт сөндіру техникасының кептелісте тұрғаны нағыз коллапс тудырады. Қоғамдық көліктер аялдамаға кешігіп жетеді. Жолаушылар наразылығы туады, дейді CTS өкілдері.

Науат Азанбаева, CTS көлік компаниясының баспасөз хатшысы

Жарайды, бас лэйнді берсек, 500 машина өтсе, қаншама адам өтеді. Былай есептесек бір 250 адам өтер. Ал бір автобустың өзінде 150 адам, 5 автобус өтсе, 1 мың адамдай өте алады. Қарапайым жолаушылардың қамын ойлау керек. Автобустағы жолаушылардың бәрі жеке көлікке мінсе, кептелістен шыға алмаймыз.

Алдағы уақытта жеңілдетілген несие арқылы көлік сатып алушылардың қатары артатынын ескерсек, бұл мәселе одан сайын өзекті бола түсері сөзсіз. Сондықтан басымдық қай кезде де көпшілікке берілуі керек, дейді жол сақшылары. Өйткені елордада автобустардан басқа қоғамдық көлік жоқ және жуырда болмайтыны бесенеден белгілі. Айта кеткен жөн, бас лейн бас шаһардағы 30-ға жуық көшеде бар. Оның жалпы ұзындығы 73 шақырымнан асады. Жыл басынан 10 мыңнан астам заң бұзушылық анықталып, жалпы 52 млн 373 мың тг көлемінде айыппұл салынды.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Артур Горшняков, Жандос Битабаров