СҚО-да мөңке балығы қырылды

Бугровое көлінің жалпы аумағы – 69 гектар. Тереңдігі шамамен – 1,5 метр.  Мұнда тек мөңке балығы мекендейді. Су қоймасы жалға берілмеген. «Иесі болмаған соң қыста оттегімен байыту жұмыстары жүргізілмеді», - дейді жергілікті тұрғындар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Балықтың қырылып, жағағы шығып жатқанына бірнеше күн болған. Дегенмен де әзірге мұнда жауапты мамандарды көрген жоқпыз. Тек жергілікті тұрғындар оларды шелектеп үйлеріне тасып жатыр.

Евгений Степанов, Бугровое ауылының тұрғыны:

Өлген балық өте көп. Қыста қырылған сияқты. Мұз еріген соң шетке шығып жатыр. Үйдегі мал-құс жақсы жейді. Сондықтан әкетіп жатырмыз.

Балықтың жағада жатқанына үш күн астам уақыт болған. Салдарынан аумақты жағымсыз иіс жайлаған.

Раиса Малдыбаева,  Бугровое ауылының тұрғыны:

Иісі қолқаны қабады. Аумақты шұғыл түрде жинастыру керек. Әйтпесе, уланып қалуымыз мүмкін. Тұрғындар бірнеше күн бұрын ау құрған екен. Бірде-бір балық түспепті. Барлығы қырылып қалды деген сөз. Ең тәтті балық бізде еді. Тіпті, халық аулап, оны қалада апарып сататын.  

Санитарлық талап бойынша, жағалаудағы өлекселерді, жергілікті атқарушы орган өкілдері жинап, көміп тастауы керек. Жұмыстар қашан басталатынын белгісіз. Аталған фактіге қатысты арнайы комиссия құрылды. Нақты қанша тонна су маржаны қырылғаны қазір белгісіз.

Ильдар Кәкімов, СҚО бойынша Балық шаруашылығы  инспекциясы бөлімінің жетекшісі:

Судан және балықтан сынама алдық. Енді оны зертханада тексеретін боламыз. Сәтін салса, бір аптадан кейін нақты нәтижесі белгілі болады. Аэроция жүргізілді ме, жоқ па оны алдағы уақытта анықтаймын боламыз. 

Жалпы өңірде 501 су қоймасы бар. Олардың 320-ы кәсіпкерлерге жалға берілген. Мамандардың айтуынша, биыл 100-ден астам көлде аэрация жүргізілген екен.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев