Атырауда сұйытылған газды қымбатқа сатып алған

Атырауда мемлекеттік мекеме көлігіне нарықтағы бағасы 50 теңге болатын сұйылтылған газды 84 теңгеден сатып алған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің мемлекеттік сатып алу жүйесіне жүргізген мониторинг кезінде анықталды. «Атырау облысы Су арнасы» мекемесі жалпы сомасы шамамен 30 млн теңгеге 357 000 литр сұйылтылған газ сатып алған. Негізінде бұл қаржыға тағы 243 мың литр сұйытылған газ алуға болар еді. Бұдан бөлек, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті өзге де мемлекеттік қызметкерлердің лауазымын асыра пайдаланғанын әшкерелеген. Биылдың өзінде пара алу дерегі бойынша 65 қылмыстық іс қозғалыпты. 8 тұлға сот шешімімен сотталған.

Данияр Ақуан, облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары:

– Жүк тасымалымен айналысатын тұлғалардан республикалық маңызы бар жолдарда кедергісіз жүру, әкімшілік жауапкершілікке тартпау және жалпы қамқоршылыққа алу үшін барлығы 10 млн теңгеден жоғары сомада бірнеше рет пара алған. Осы дерек бойынша Атырау облыстық көлік бақылау инспекциясының лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу сотының санкциясымен күдіктілер үй қамаққа алынды.