Нұр-Сұлтанда ұлттық құрылтай құрылмақ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында айтқан ұлттық құрылтайға үкіметтік емес ұйым мүшелері және өңірлердегі қоғам белсенділері кіруі тиіс. Жалпы құрылтайдың алдына қандай мақсат қойылады? Оның құрылымы қандай болмақ және оған кімдер кіреді? Ұлттық қоғамдық кеңестің аясын кеңейтуге арналған жиында осы мәселелер жан-жақты талқыланды. Сарапшылардың пікірінше, консультативтік сипаттағы ұйым болса да, құрылтай зор беделге ие болмақ.

Қазбек Майгелдин, саясаттанушы:

– Әлемдік тәжірибені алып қарайтын болсақ, бүгінгі таңда бұл кеңестік органдардың құрылуы делиберативтік демократия, яғни демократиялық кеңес беру деген модельмен жүзеге асырылып жатыр, мысалы Германияда, Ирландияда, Данияда, тіпті, Моңғолияда да осындай кеңестік ұйымдар құрылған. Бұл ұйымдардың басты мақсаты – әртүрлі саладағы азаматтар осы құрылтайдың құрамына кіру арқылы тек қана қандай да бір мәселені көтермейді, ақыр аяғында қандай да бір заңнамаға, заңдық актілерге өзгерістер енгізу үшін өз үлесін қосатын болады.