Қостанай облысында ауыл балаларына айналысар іс жоқ

Қостанай облысында ауыл балаларына айналысар іс жоқ

Ауыл балалары қаладағыдай бізде де өнер, білім көкжиегін кеңейтетіндей мүмкіндіктер болса дейді. Ершов орта мектебінің өз ішінде кір тасын көтеру, волейбол, пневматикалық мылтықпен нысана ату секциялары бар екен. Бірақ шеберлікті шыңдауға қажетті жабдықтар жетіспейтіндігін  балалар ашық айтып отыр. Ал мектеп директорының  пікірі бізде бәрі жақсы дегенге саяды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ирина Романюк, Ершов орта мектебі директорының міндетін атқарушы:

– Бізде балалардың барлығы 100 % үйірмемен қамтылған. Бастауыш сыныптар ерікті түрде би үйрмесіне қатысса, қалғандары волонтерлықпен, қол өнерімен, кір тасын көтеру спортымен айналысады.

Ершов ауылы тұрғындарының саны 1500-ге жуық. Селолық округтың орталығы саналады.  Осы тірек ауылда не мәденимет үйі, не кітапхана, не спорт нысаны жоқ.

Бағытжан Ағытаева, Ершов ауылының тұрғыны:

– Балалар ауылда болу үшін, кішкене былай оларға заниматься ететін. Әйтеуір мына жас балаларға садик бар, мектеп бар 11-ші одан басқа ештеңе жоқ. 

Облыс әкімінің есеп беру жиынында  Ершов тұрғындары осы жәйтті өзекті мәселелердің бірі ретінде көтерді. Өз кезегінде өңір басшысы ауылда биыл Мәдениет Үйінің құрылысы басталатындғын айтты.  Жаңа ғимарат бой көтеретін алаңқайды да дайындап қойыпты.

Талғат Сақтағанов, Меңдіқара ауданы әкімінің орынбасары:

– Жоба дайын, сараптамадан өтті. «Ауыл ел бесігі» бойынша Мәдениет үйін салуға 188 миллион тенге бөлінді. Құрылысты мамыр айының ортасында бастап, қазан айында  аяқтауды жоспарлап отырмыз. Ол кең салалы болады. Көрермен залынан тыс, би, жаттығу орындары, тігін цехы, шыберлік бөлмелері ашылады.

Бұл игі іске жергілікті кәсіпкерлер де өз үлестерін қоспақ. Алдын-ала келісім бойынша олар спорт жабдықтарын, басқа да керек-жарақтарды алуға 20 млн тенге бөлмек.

Авторлары: Мағауия Қалиев Сергей Трахтенберг