Қарағандыда фарминдустрия саласында кедергі көп

Қарағандыда фарминдустрия саласында кедергі көп

Фармацевтика индустриясының дамуын тежейтін кедергі көп. «Қарағанды фармацевтикалық кешені» серіктестігінің өкілдері осылай дейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның себебі – саладағы заң жобасының әлсіздігі. Бар жұмыс Үкімет және Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрықтарына байланған – дейді сала мамандары. Күнде құбылатын құжатқа бейімделіп жұмыс істеу өте қиын. Сондықтан заң шеңберінде жұмыс жүргізу керек деп есептейді. Сонда ғана отандық фарминдустрияда көпжылдық жоспар құрып, нақты келісім жасауға мүмкіндік туады. Денсаулық сақтау министрлігінің саланың дамуын тежейтін бұйрықтарының бірі мынадай.

Ерікбек Ағатанов, «Қарағанды фармацевтикалық кешені» ЖШС атқарушы директоры:

Қазір алаңдаушылық тудырып отырған мәселе – Денсаулық сақтау министрлігі шетел фарм зауыттарымен келісімшарт негізінде дәрі-дәрмек, биоаналогтарды көп жыл бойы тасымалдап әкелуге рұқсат бермек. Бірақ мұнда локализация деңгейі көрсетілмеген. Салдарынан осы нарықтың кез келген өкілі шетелден дәрі әкеліп, оны қайта қаптап, қазақстандық деп сата беруі мүмкін. Бұл үшін ел ішінде зауыт салып, көп жылғы жоспар құрудың қажеті жоқ. Тасымалдай бересің. Ал бұл ішкі ғылымның дамуына үлкен соққы болып тиеді. 

Аталған мәселе «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының төрағасы қатысқан кездесуде көтерілді. Палата өкілдері қазір осы жүйеге трансформация жасап, салалық саясатты жетілдіру керек екенін айтады. Сондай-ақ заң жобасын қабылдарда кәсіпкерлердің пікірі де ескерілу керек делінді.

Райымбек Баталов «Атамекен» ҰКП төралқасының төрағасы:

– Біздің ойымызша өңірлердегі жетекші салалардың нақты жоспары болуы тиіс. Мысалы осы жылы не істейміз, келер жылғы жоспар қалай дегендей. Сонда  бизнес өкілі өз қаржысын нақты жоспары бар, болашағына сеніммен қарауға болатын бизнес өкілдеріне инвестициялайтын еді. Яғни біз инвесторларға жағымды климат қалыптастыруымыз керек.