«Петропавл – Жезқазған» республикалық трасса сын көтермейді – СҚО  

Солтүстік Қазақстан облысындағы республикалық жолмен жүру мүмкін емес. Жүргізушілер осылай деп дабыл қағып отыр. Олардың айтуынша, кейбір жерлерде көлікпен жүрудің өзі қауіпті. Жөндеу жұмыстары қашанға жоспарланғанын арна тілшілері анықтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Республикалық маңызға ие Петропавл – Жезқазған трассасы облыс орталығымен бес бірдей ауданды байланыстырады. Алайда қазір оның жағдайы сын көтермейді.

Александр Логачёв, жүргізуші:

Жол деген аты ғана. Ойдым-ойдым. Әбден мезі қылып шаршатады. Жүру мүмкін емес. Мұндай шұңқырлардар көлігіміз сынады. Бірақ басқа амалымыз жоқ.  

Сапасыз жолдың салдарынан жүргізушілер көп уақытын жоғалтады. Тіпті кейбіреулері шұңқырларды өз күшімен бітемек болған. Бірақ нәтиже болмай тұр. 

Ибрагим Алтынбаев, жүргізуші:

Жылда ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізгендей болады. Осылай жамап- жасқап жүргендеріне он жылдай уақыт болды. Қиыршық тас төсейді.  Ал олар көлігімізге ұшып жатыр.

Аталмыш трассада қозғалыс көп. «ҚазАвтоЖолдың» мәліметінше аталмыш жолмен тәулігіне шамамен 3,5 мыңға жуық көлік қатынайды. «359 шақырымның 22 проценті қанағаттанарлықсыз жағдайда»,– дейді мамандар. Проблемалық учаскелердің бірінде жөндеу жұмыстары биыл басталатын болады.

Қанат Өсербаев, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ СҚОФ директорының орынбасары:

– Николаевка ауылынан Сергеевка қаласына дейінгі аралық 51 шақырымды құрайды. Биыл орташа жөндеу жұмыстары басталады. Жоба екі жылдық. Конкурс жарияланды. Әзірге мердігер анықталған жоқ, Шамамен бұл мақсатқа екі жарым миллиард теңге қарастырылып отыр.

Сергеевкадан-Новоишимкаға дейінгі жолда тек шұңқырларды жөндеу күтілуде. Солтүстік Қазақстан облысының аумағы арқылы өтетін Петропавл – Жезқазған трассасын болашақта қайта жаңғырту жоспарда бар. Бұл шарулар «Қуатты өңірлер - ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін жүргізу жоспарланып отыр.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Нұргүл Ахметова, Төлеген Иманов