Қазақстан мен Өзбекстан Парламенті өкілдері Арал проблемасын талқылады

Қазақстан мен Өзбекстан Парламенті өкілдері Арал проблемасын талқылады

Арал теңізінің тартылуы – ХХ ғасырдағы ең ірі табиғи апат. Біріккен Ұлттар Ұйымы мұны бұрыннан растап келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айдынның құрғаған ұлтанынан ұшқан миллиондаған тонна құм мен тұз суармалы егістік пен жайылымдарды басып қалып, оларды ауыл шаруашылығы айналымынан шығарып тастап жатыр. Ал экологиялық апат шеңгелінен шығу үшін ауқымды ортақ жобалар қажет. Мәселені шешудің заңнамалық тетіктерін Қазақстан мен Өзбекстан Парламенті өкілдері бірлесіп талқылады.  

Бірінші кезекте Арал мәселесін жүйелі түрде қарастыру үшін мемлекеттік органдармен тығыз байланыс орнатудың маңызы зор. Аралда өткен комиссия отырысын ашып берген Мәулен Әшімбаев осылай деді. Депутаттық корпус апат аймағын оңалту бастамаларына қажетті заңнамалық қолдау көрсете алады. Көршілес екі ел тиімді бірлескен кешенді шараны жүзеге асыруына  мүмкіндіктері мен ресурстары толық жеткілікті, – деді Сенат спикері.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

– Біздің елдеріміздің мемлекет басшылары Арал проблемасын шешу және трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалану маңызды әрі кезек күттірмейтін мәселе екеніне үнемі баса мән беріп келеді. Кезінде бірегей су қоймасы болған Арал қазіргі таңда өңірдегі елдер үшін орасан зор экологиялық проблемаға айналып отыр. Бұл ынтымақтастықты нығайту және Аралды қайта жандандыру үшін озық тәжірибе мен технологияларды кеңінен қолдануға мүмкіндігі екені сөзсіз.

Келелі басқосуда құм мен тұз көшкінінің нақты картасы әлі жасалмағаны анықталды. Сондай-ақ Амудария мен Сырдарияның дельта аймағын толық зерттеп, ортақ орман шаруашылығын құру ұсынысы айтылды. Өзбек тарапы сексеуілден бөлек малға азық болатын жасыл желек егуге шақырды. Агробиотехнологиялық зерттеулер жүргізіп, зиянкестер мен өсімдік ауруларымен бірлесіп күресудің тиімділігін атап өтті.    

Содык Сафоев, Олий мажлисі сенаты төрағасының бірінші орынбасары:

– Жаһандық деңгейдегі ортақ экологиялық мәселелерді біз халықаралық парламенттік мінберде көтеруіміз қажет. Бар проблеманы анықтап, бағыт, ұстанымдарымызды нақтылап алып, БҰҰ Ассамблеясы секілді беделді ұйымдардың назарын аударту өте маңызды қадам болмақ.

Аралды құтқару үшін айдынды судан айырмау керек. Яғни өңірдің экожүйесін қалыптастыратын трансшекаралық өзендегі суды ретсіз іркіп, мақсатсыз бұра бермеу жайы айтылды. Осы ретте қазақстандық тарап өкілдері су ресурстарын бөлудің оңтайлы тәртібін іздестіру керектігін тілге тиек етті.

Серікқали Брекешов, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі:

– Дәл қазіргі жағдайда өзеннің төменгі ағысында орналасқан ел ретінде біз үшін технологиялық процестердің автоматтандырылуы өте маңызды. Сырдария бассейндік арнасындағы су көлемін белгілеу, есептеу, бақылау тұрғысында жаңа жүйе су ресурстарын әділ бөлу және ашықтықты қамтамасыз етер еді.     

Нұрлыбек Нәлібаев, Қызылорда облысының әкімі:

– Суды көбейту жөнінде, әрине, жұмыстар жасалады. Мемлекетаралық жұмыстарды орындауға алдағы уақытта тиісті ұсыныстар беріледі.Комиссия отырысы да сол Арал теңізі мәселелерін кезең-кезеңмен шешу, ұсыныстарды дайындап мемлекет басшыларына баяндалатын болады бұның барлығы. 

Қос ел делегаттары екі күндік сапар барысында Көкарал бөгетіне барды. Ұзындығы 13, ені 9 метрлік гидронысан қайта жаңғырту арқылы солтүстік Арал бөлігіндегі су көлемін 50 шақырым\текшеге жеткізу жобасы таныстырылды. Одан кейін сенаторлар жылына 4 мың тонна балық өңдейтін өндіріс ошағын аралап, теңізді балықтандыру жобаларымен танысты.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Бәйділдаев