Атырауда өрт сөндіруші болам деген кішкентайдың арманы орындалды

Шұғыл жеткен екі өрт сөндіру көлігінан түскен құтқарушылар жедел саты қойып көп қабатты үйдің терезесіне өрмеледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол кезде алаңсыз ойнап отырған Әлтайыр таныс дабылды естіп терезеге ұмтылған. Қарсы алдынан талай түн түсіне кірген нағыз өрт сөндіруші шыға келгенде үрейленіп қалған бүлдіршін әкесімен бірге құтқару сатысымен төменге түсті. Әрі қарай бала қиялына қанат бітірген көріністер жалғасты.

Бағыт Жетібаев, Әлтайырдың әкесі:

Үйдегі ойыншықтарының бәрі «өрт сөндіруші машиналар, ұнайды өзіне. Басқа ешқандай ойыншық керегі жоқ, ойынының бәрі «өрт сөндіреміз» деп  су әкеліп шашады. Шара өте жақсы өтті, балама сондай сый сыйлап жатырсыздар, осындай шаралар көбейе берсін, бала деген биікке ұмтылады.

Әлтайырдың әкесі – ағаш шебері, ал анасы театрда қызмет етеді екен. Құтқарушылар қызметіне мүлде қатысы жоқ. Дегенмен балаларынң талпынысын құптап, төтеншеліктерге өздері өтінішпен шыққан.  Әлтайырға ұнағаны өрт сөндіру процесі болды. Ол бұған дейін құтқарушылардың көлігін көшеде кездестіргенімен, осындай әрекет  үстінде көрмепті. Бүгінгі экскурсия сәби санасында мәңгі сақталары анық.

Мақсот Есполов, облыстық ТЖД өрт сөндіру қызметінің басшысы:

Біз Әлтайырмен танысқанымызға қуаныштымыз. Біздің мамандыққа деген қызығушылығы керемет екен. Сол себепті бүгінгі күнімізді осы болашақ патриотымызға арнауды ұйғардық. Ата-анасына рахмет, баланың бетінен қақпай, бізбен кездесуге мүмкіндік жасаған.

Тағылымға толы таныстыру соңында кішкентай патриотқа тек өрт сөндіру көліктерінен тұратын ойыншықтар жиынтығын тарту етті. Кішкентай Әлтайырдың құлшынысын қолдаған төтенше жағдай қызметкерлері өрт сөндіру мекемелеріне мектеп оқушыларының экскурсияларын ұйымдастыруды қолға алмақ.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин