Түркістан облысында Қызыл кітапқа енген қызғалдақтар жойылып кетуі мүмкін

Табиғат жанашырлары осылай деп дабыл қақты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі қызғалдаққа қызығып, тамырымен жұлатындар көп. Сирек кездесетін гүлді таптайтындарға тоқтам болмаса, таяу жылда Грейг қызғалдағын тек теледидардан көріп, кітаптан оқимыз дейді мамандар. 

Шұбайқызыл – қарт Қаратудың етегіндегі ерекше жер. Қызыл кітапқа Грейг, Кайфман қызғалдағы деген атпен енген жауһазындар әр көктем сайын тек осы жерде ғана гүл ашады. Экологтардың айтуынша, жылдың осы мезгілінде дәл осындай қызғалдақтарды еліміздің басқа ешбір өңірінен кездестіре алмайсыз. Тек Түлкібас ауданындағы Шұбайқызыл шоқысында өседі. Адамдардың қоршаған ортаға деген көзқарасы өзгермесе, кейінгі ұрпақ табиғаттың мұндай сыйын көрмеуі мүмкін дейді. Себебі осыдан 10 жыл бұрын қызғалдақ өсетін аумақ 20 гектардан асатын болса, жылдан жылға кеміп келе жатқанын айтады.

Рүстем Егембердиев, экскурсия жетекшісі:

- Соңғы жылдары фестиваль деген нәрсені көбейтіп жіберді жергілікті басшылық. Өкінішке орай бұл жақсы нәрсе емес. Бір күнде 3-4 мың адамды осында алып келіп, әртүрлі іс-шаралар өткізіп, өзіміз таптап алдық бұл жерді. Одан соң біздің халықтың экологиялық мәдениетінің төмендігі де бар. Шетелдік туристермен жүргенде олар табиғатқа зиянын тигізбейді. Мәдениеттері өте жоғары. Бір-екі күн бұрын американдық отбасымен келдім. Олар суретке түсіп, тарихын тыңдап қызықты. Сол кезде біздің тұрғындар пикник жасап отырды.

Мамандар барлығын тек қана адамдар бүлдіріп жатыр деуге келмейді дейді. Себебі аймақта қоршаған ортаны құрметтеуге арналған ешқандай жобалар жоқ екенін айтады. Оған табиғаттың өзгеруінің де әсері бар.

Ұласбек Кенбаев, «Сайрам-Өгем» ҰТП Түлкібас филиалының директоры:

- Биылғы жылы Грейг қызғалдақтары бойлары қысқа, сирек болып шыққан. Одан соң гүл ашуы да өте нашарлау. Мұның барлығы жауын-шашынның болмауы, табиғаттың әсеріне байланысты деп есептеп отырмыз. «Сайрам-Өгем» ҰТП-де ғылым бөлімі бар. Ол кісілер келіп, осы жердің топырағын, гүлдерін тексеріп, сараптама жасайды. Келіп демалушыларға рұқсат жоқ. Тек көруге болады. Автокөлікпен кіруге болмайды. Бұл жерде инспекторлар тек қорғау жұмыстарын жүргізеді.

Биыл қызғалдақ көп өсетін Шұбайқызыл шоқысы «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркінің құрамына енді. Табиғат жанашырлары енді дала жауһарына айналған гүлдерді қорғау шаралары күшейеді деп үміттенеді. Жалпы Қызыл кітапқа енген қызғалдақты жұлғандар зай бойынша қатаң жазаланады. 9 млн теңге көлемінде айыппұл төлейді немесе бас бостандығынан айырылады. 

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов