Ақмола облысында екі аптадан кейін егін егу науқаны басталады

Ақмола облысында екі аптадан кейін егін егу науқаны басталады

Қазір диқандар қызу дайындық жүргізіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Егінші қауымның уайымы да жоқ емес. Олар былтырғыдай қуаңшылық бола ма деп алаңдайды.

Атамекен ауылының жанында егіншілікпен айналысатын Болат Әбдірахманов 600 гектар жерге дән салады. Қазір оның шаруашылығы да жұрт қатарлы егін егуге дайындалып жатыр. Тәжірибелі диқан есіл еңбек далаға кетпеуі үшін барымды саламын дейді. Себебі биылғы жыл да шаруалар үшін оңай болмайтын секілді. 

Болат Әбдірахманов, шаруа:

- Қыс кішкене қиындау болған. Қар аз болды. Міне, енді бүгінгі күні жаңбыр жауып, кішкене жақсы боп тұр. Бірақ негізі ылғал аз. Күздігүні жаңбыр аз болды. Қазір жауын жауып тұр. Ол жақсы. Бірақ биыл қиын жыл болады деп айтады синоптиктер. Оған дайынбыз. 

Шаруаның дайынбыз деп отырғаны, қуаңшылыққа төзімді бидай тұқымдарын сатып алуы. Айтуынша, олар былтырғы құрғақшылықта да жақсы өнім берген. Одан бөлек, минералды және органикалық тыңайтқыштарды көбейтпек. Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы егіншілерге жанармаймен көмектесеміз дейді. 

Еркеш Әленов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Үкімет тарапынан арзандатылған 72 мың тонна жанар-жағармай берілді. Оны 3 айға бөлгенбіз. Наурыз, сәуір, мамыр айына бөлгенбіз. Қазір 20 мың тонна наурыз айының нормасы бүкіл аудандарға жеткізілді. Қазір сәуір айына шарттарға отырып, ақшасын төлеп, аудандарға жеткізу жүріп жатыр. 

Сұйық отынның литрі шаруаларға 202 теңгеден сатылады. Бұл нарықтағы бағадан 15 процентке арзан дейді сала мамандары. Жалпы, Ақмола облысында егінмен айналысатын ірілі-ұсақты 7 мыңға жуық шаруашылық бар. Олар жыл сайын 4 млн 600 мың гектар жерге дәнді дақылдар егеді. Биылғы егін себу науқаны ауа райы қолайлы болса, мамыр айының басында басталып, шамамен 20 күнге созылады. 

Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко