Мамыр айынан бастап тұрғын үй жалдауға мемлекеттен субсидия беріле бастайды

Ертең 23 мың адамға тұрғын үй жалдауға мемлекеттен берілетін субсидия алу үшін өтінім беруге шақырту жіберіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Алмас Ыдырысов мәлімдеді. Оның айтуынша, бүгінде 601 мың қазақстандық тұрғын үй кезегінде тұр. Аталған санаттағы азаматтарға мемлекет тұрғын үй жалдауға субсидия береді. Жалға берілетін пәтер ақысының 50 поцентін мемлекет көтереді, қалғанын азаматтың өзі төлейді. Жалға берілетін тұрғын үйге субсидия алуға өтінімді Отбасы банкі қабылдайды. Ол үшін арнайы цифрлық платформа әзірленді. Субсидия мамыр айында беріле бастайды.

Ләззат Ибрагимова «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы:

– Жалдау шарттары бойынша төлемді республикалық және облыстық бюджеттен қаражат түскеннен кейін маусым айынан бастаймыз деп жоспарлап отырмыз. Қазақстандықтар қысқа уақыт ішінде кезекке тұрмау үшін бүкіл жұмысты онлайн режимге көшірдік. Өтініштер отбасы банк порталында жалға алу ақысын субсидиялау бөлімінде жолданады.