Таразда төрт түлік қоқыста жайылып жүр

Тараздың қоқыс полигоны қоршаған ортаны ластап жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Төңіректегі ауылдардың жайылымы тарылып, қоқысқа толып кеткен. Өріске шыққан мал сонда жайылады. Тұрғындар қалдықпен қоректенетін малдың арам қатып жатқанын айтады. Еті мен сүтін тұтыну түрлі ауруларға әкелуі мүмкін деп дабыл қағып отыр. Өңдеу зауыты салынады дегелі талай жыл болса да, мәселе әлі күнге дейін қаз қалпында тұр.

Тараздан шыққан бүкіл күл-қоқыс осы жерге жиналады. Бұл полигонға жыл сайын 50 мың тоннаға дейін қоқыс тасталады. Қазіргі есеп бойынша бұл жерде 3 миллион тоннадай қалдық жатыр. Ал оны өңдеп кәдеге жарататын аймақ бойынша бірде-бір зауыт жоқ. Өртелгені өртеледі. Одан қалғаны желмен ұшып радиусы ондаған шақырым жерді ластап барады. 

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Міне бұл жер – мал өріске шығатын кәдімгі жайылым. Жайылым деген аты ғана. Міне қараңыздар. Мынаған мал қалай жайылады? Ана жерде орналасқан қоқыс алаңынан ұшқан полиэтилен қаптамалар, пакеттер шөптің бетін жауып қалған. Жергілікті тұрғындардың мал жаятын жері жоқ.

Қарап отырып жаның ашиды. Ағаштар тура пакетпен безендеріліген жаңажылдық шырша сияқты желбіреп тұр. Маңайдағы егіс алқаптары ластанғаны соншалық, аяқ алып жүру мүмкін емес. Желмен көтеріліп шашылған полиэтилен қалталарда сан жоқ. Ауыл халқы мұның төрт түлікке залалы тиіп жатқандығын айтып шағымданып отыр.

Жеңіс Бекбауов, Қостөбе ауылының тұрғыны:

- Қалалық қоқыс төгетін полигон жақын. Шамалы жел тұрса, осы жерге пакеттер ұшып келеді. Келген пакетті мал болған соң жеп қояды. Сосын малымыз өліп шығынға батамыз. Ішінен шығады. Пакет шығады. Басқа да нәрселер шығады.

Ырзакүл Базарбекова, Қостөбе ауылының тұрғыны:

- Жайылымның бәрі былғаныш. Жайылымды да құртты. Жайылым жоқ қазір. Бақша да шашылып жатыр. Бұзаулар, сиырлар жейді. Олар жеп өліп жатыр. Малдың ішетін суы да таза емес.

Бұл мәселені түбегейлі шешу үшін қоқыс өңдейтін зауыт қажет. Бұған жергілікті билік қанша әрекет еткенімен еш нәтиже шығара алмай отыр. Бәрін инвесторларға сырып қойған. Енді қазір немістер келіп сынама алып, құрамын зерттеп жатқан көрінеді.

Жайықбай Шалдаров, Тараз қаласы әкімінің орынбасары:

- Екі маман осы полигонда жүр. Морфологиялық қатты қалдықтарын зерттеп жатыр. Осыдан кейін қорытынды жазу керек. Қызығатын компаниялар көреді. Нақты салынып бастайды деген күн бар ма? Ондай нәрсе жоқ. Жалпы жұмыс жүріп жатыр.

Дәл осылай бұған дейін де талай инвестор келген. Бірақ келгенінен кеткендері жылдам. Әбден есептеп, зерттеп болған соң шығатын қоқыстың мөлшері жеткіліксіз деп тастап кетеді. Осылай жалғасып келе жатқанына бірнеше жыл болды.

Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә