Нұр-Сұлтанда 12 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталды

Елімізде қоршаған ортаны ластау дерегі тыйылмай тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елорданың өзінде тұрғындар көрінген жерге қоқыс қалдықтарын тастап жатыр. Салдарынан биыл экологиялық талаптарды бұзған 700-ге жуық құқық бұзушының үстінен әкімшілік іс қозғалды. Кінәлілер жауапқа тартылып, айыппұл төлеуге міндеттелді.

Елорда маңындағы мына көрініс табиғаттың сәнін құртып тұр. Негізі күл-қоқыс қала сыртындағы полигондарға тасталуы керек. Бірақ әлдебір пысықайлар осылай таза аймақтарды ластап жатыр.

Жарқын Әлжанов, Есіл ауданы әкімі аппаратының абаттандыру бөлімінің басшысы:

- 88-мектеп аумағында заңсыз қоқыс аумағы тіркелген. Сол жұмыстарды жоюды жоспарлап отырмыз. Екі тәулік бойы осы жұмыстар жүргізілуде. Осы екі күнде 100-ден астам рейс полигонға қоқыс шығарылды.

Жыл басынан бері мамандар 12 заңсыз қоқыс үйіндісін анықтады. Салдарынан 2 мың тоннадан астам қалдық арнайы полигондарға шығарылды. Ал заңды белшесінен басып табиғатты ластаған 700-ге жуық адам жауапқа тартылды. Оларға салынған айыппұлдың жалпы көлемі – 7,5 млн теңге.

Ғабидолла Қамбаров, қалалық ПД ЖПҚ басқармасы табиғатты қорғау полиция тобының аға-инспекторы:

- Белгіленбеген аудандарда құрылыс қоқыстарын заңсыз төгу көптеп орын алуда. Осыған орай қазіргі таңда жергілікті әкімдіктермен берлесе отырып Ikomek қызметкерлерімен, «Сергек» камералары арқылы ақпараттарды алып, осы жүк көліктеріне әкімшілік құқық бұзушылық жасағандары үшін шара қолданудамыз.

Табиғат жанашырлары, тәртіп бұзушылар жазадан сытылып кету үшін небір құйтырқы әрекеттерге баратынын айтады. Мәселен, қыста құрылыс материалдарының қалдықтарын қармен көміп тастайды екен. Бірақ қала тазалығы жергілікті полиция мен қалалық әкімдіктің жіті назарында. Сондықтан кінәлілер жауапсыз қалмайды дейді мамандар.

Назерке Әбдірахманқызы