E-Salyq Business: түбіртек мобильді қосымшада қолжетімді

Жеке кәсіпкерлер кассалық аппарат қолданбай-ақ, түбіртекті мобильді қосымша арқылы бере алады. Ол үшін «E-Salyq Business» қосымшасы іске қосылды. Жаңа әзірлеме шағын дүкен иелері үшін ыңғайлы боларына Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері сенімді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі бақылау-касса машинасын сатып алудың қажеті болмай, саудагерлер қосымша  шығындардан арылады. Мобильді сервис арқылы жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге немесе кәсіпкерлік қызметті тоқтату туралы өтініш беруге болады. Сондай-ақ, кіріс есебін жүргізу, оңайлатылған декларация тапсыру рәсімдері қолжетімді. «E-Salyq Business» мобильді қосымшасын бақылау-касса машинасымен қатар пайдалануға рұқсат. Бүгінде бұл жаңашылдықтың игілігін 27 мыңнан астам кәсіпкер көріп отыр.

Азамат Панбаев,  ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары:

Салықтар мен әлеуметтік төлемдерді автоматты түрде есептеуге мүмкіндік береді. Жалдамалы қызметкерлердің және олардың табыстарының есебін жүргізуге болады. Мобильді қосымшаны әзірлеудегі негізгі мақсатымыз мемлекет басшысының жеке кәсіпкерлердің салық міндеттемелерін орындау рәсімдерін түбегейлі жеңілдету туралы тапсырмасын орындау болып табылатын.