СҚО халқы радиацияланған су ішіп отыр

СҚО халқы радиацияланған су ішіп отыр

Солтүстік Қазақстан облысында таза су мәселесі шешімін табар емес, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазірдің өзінде аймақта 200-ден астам ауыл тіршілік нәріне жарымай отыр. Өңірдегі Шал ақын ауданындағы 42 елді мекеннің 36-да әлі орталықтандырылған су желісі жоқ. Сорақысы сол Сухорабовка мен Ольгинка ауылдарының халқы радиацияланған су ішуге мәжбүр. Өйтпеске амал жоқ. Ольгинка мен Сухорабовка ауылдары облыс орталығынан 230 шақырымдай жерде орналасқан. Жергілікті халық әлі күнге өркениет игілігін көре алмай отыр. Қос елді мекенде таза су жоқ.

Гүлбахар Әлметова, Ольгинка ауылының тұрғыны:

– Кір жууға аламыз. Тіпті кірді де шіли жууға жарамайды. Ішеміз енді амал жоқ. Біз өзі көшіп келгенімізге жарты жыл болды. 2-3 құдықтан ішіп көрдік. Ал мына құдықтың суы вообще болмайды. Мутный болады. Қайнатсаңыз, ішінде накип көбірек. Лайланып қалады.

Ауылдардағы құдықтарға ескерту белгілері ілінген. Алайда оны елеп жатқан халық жоқ.

Самат Қайырденұлы, тілші:

Ольгинка ауылында мынадай бірнеше құдық бар. Эпидемиолог мамандар олардың басым көпшілігін консервациялап тастаған. Яғни мұндағы суды ішуге болмайды.

Қос ауылдың халқы тұтынып отырған судың радиациялық көрсеткіштері жоғары екенін мамандар дәлелдеген.

Гүлнәр Жақсылықова, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы:

– 2010 жылдан бері біз мониторинг жүргізіп келеміз. Екі ауылдағы құдықтардың радиациялық қауіпсіздік коэффиценті 1-ден жоғары. Бұл дегеніміз судың құрамында радионуклеидтер шамадан тыс көп.

Бұл суды тұтыну қауіпті екенін тұрғындар жақсы біледі. Бірақ басқа амалдары жоқ.

Инна Крейдун, Ольгинка ауылының тұрғыны:

Бұл суды өзіміз тұтынамыз. Малға береміз. Бау-бақшаға пайдаланамыз. Бізге су тасымалдау тиімсіз. Себебі қыста жолды қар басып қалады.

Жергілікті шенділер аталған проблемадан құлағдар. Олар қаржының жоқтығы –жұмыстарға қолбайлау болып тұрғанын айтады.

Саят Омаров, Шал ақын ауданы әкімінің орынбасары:

– Бұл ауылдардың маңынан Көкшетау топтық су құбыры өтеді. Сондықтан осыдан бірнеше жыл бұрын су ресурстары комитеті арнайы жоба әзірлеген еді. Алайда шаруа қаржыға келіп тіреліп тұр.

Әзір ауылға нақты қашан таза су тартылатынын белгісіз. Сондықтан дәрігерлер тұрғындарды тұрақты түрде скринингтен өтіп тұруға шақырады. Ол үшін тіпті медицина қызметкерлері ауданнан арнайы барып, тексеріс жүргізуге дайын.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов