Халық табысы қалай артады?

Қазір Үкімет шетел асқан капиталдарды елге қайтаруға мықтап кірісті. Енді егемендік алған жылдары байыған олигархтар жинаған байлығынан әп-сәтте айырылып қаламыз деп сары уайымға салынып  жатқан болар? Бірақ олардың қайғысы күнделікті ішімге жемге тиын-тебен таппай жүрген қара халықтың машақатынын жанында түк емес, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ресми мәлімет бойынша қазақстандықтардың 5 процентінің табысы төменгі күнкөріс деңгейіне де жетпейді. Демек бір ай бойы еңбек етіп 36 мың теңгеден аз нәпақа табады. Кедейлік деңгейі жоғары аймақтардың көш басында Түркістан мен Маңғыстау облыстары тұр. Мәселені шешу үшін Үкімет арнайы жоба қабылдады. Әрі ол нағыз халықтық бағдарлама болады деп сендірді.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

– Бұл жоба – ашық жоба. Әрі қарай да ашық болады. Нақты ойлары бар азаматтардың қай-қайсысы да осындай үлкен жобаларды ұсынуға, бұған қатысуға мүмкіндіктері бар.

Иә, осындай ұсыныстың бірін танымал блогер Дәулет Мұқаев білдірген. Ол екі қолға бір күрек таппай, үй-күйсіз жүрген азаматтарды еңбек күші тапшы аймақтарға жіберуді ұсынды. Тіисті бағдарлама бұрын да болды. Бірақ ол аяқсыз қалып жатты. Блогер енді өткеннен сабақ алып, жіберілген кемшіліктердің қайталанбауына атсалыспақ.

Дәулет Мұқаев «Бала-шағамен солтүстікке» жобасының жетекшісі:

– Солтүстік аймақ дала зонасының топырағын жақсы білеміз. Егін егуге, өсімдік шаруашлығына өте ыңғайлы, қолайлы. Бізде бұндай бағдарламалар болды. Өкінішке қарай, білесіздер бөлінген ақшаның көбі құмға сіңген судай жоқ болып кетіп жатыр. Және сол жаққа барған азаматтардың үйлері қаңырап бос қалып жатыр. Енді бұндай олқылықты жаңа бағытта қайтадан бағдарлама жасап шығарып, соны басқаруды маған тапсырып отыр.

Бағдарламаның басым бағытының бірі – елдімекен халқының табысын арттыру. Бүгінде 7жарым млн-нан астам халық ауылда тұрады. 2400 ауылдық округ бар. Енді «Ауыл табыс көзі» жобасы аясында сондағы халықтың жанайқайы түгел дерлік тексеріледі. Кейіннен әр ауылға лайықталған жоба түзіледі.

Эльдар Жұмағазиев «Ауыл – табыс көзі» жобасының жетекшісі:

– Қазір байқасаңыздар ауылда инфрақұрылымдық мәселелерді шешіп жатырмыз. Жол келеді, интернет келеді деп. Ал адамдардың табысын көтеруге байланысты мамандандыруды енді бастайын деп жатырмыз. Мамандандырғаннан кейін қандай бизнес көздерін ашамыз, ол да үлкен сұрақ. Оған да осы бағдарлама жауап береді.

Бүгінде жастардың 60 % өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Өйткені жұмыс берушілер еңбек өтілі болуын міндеттейді. Талап етілмейтін мекемеде сәйкесінше айлық төмен. Қордаланған мәселе де осы бағдарлама аясында шешімін таппақ. 160 мың жас, 400 айлық есептік көрсеткіш, яғни 1млн 200 мың теңге көлеміндегі қолдау гранттарымен қамтылады. Экономикаға нақты қажетті кадрларды даярлауға басымдық беріледі.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

– Бізде қазақтар қалай? Оқу бітіргеннен кейін отырамыз, бәріміз жиналып. Мына баланы қайда жібереміз деп? Содан атасы келеді, әжесі, әкесі-шешесі. Содан баланың өзі отырады. Қай жаққа барамыз? Әй бір жаққа орналастырып қойсақ болды, кейіннен көреміз деген. Соның нәтижесінде ана колледжді бітірген балалардың 40 пайызы ғана жұмыс жасайды. 60 проценті  мамандығы бойынша жұмыс жасамайды деген сөз. Ол қаншама бөлінген қаржының текке кеткенін анықтайды деген сөз.

Сонымен бағдарламаның нәтижесі қандай болмақ? Алдағы 2 жылда 2 млн-нан астам жұмыс орындары құрылады. Қазір біз ең қажетті деген азық-түлік өнімдерінің 20 % шетелден әкелуге мәжбүрміз. 2025 жылға дейін бұл мәселе түбегейлі шешімін таппақ. Тек қантқа деген тәуелділік сақталады. Бірақ халықтың табысы артады. 4 млн-ға жуық қызметкердің жалақысы өседі. Бірақ бұл жұмыс былтырдан бері іске асып келеді. Бюджет қызметкерлерінің табысы жыл сайын толығып жатыр. Иә, мұғалімдердің жалақысы мардымды болғанымен, еден жуушылар мен күзетшілердің айлығы шайлығына жетпейді. Бірақ атқамінерлер бұл мәселе келер жылы шешімін табады деп сендірді. Бастысы, ауқымды бағдарлама түзілді. Енді оны бармақ басты көз қыстылыққа салмай жүйелі іске асыру маңызды. Бұл ретте жауаптылар көзбояушылықтың болмауын қадағалайды. Ал жоба жетекшілері нәтижесін халықтан жасырмай, есеп береміз деп уәдесін үйіп-төкті. Әрі бағдарламаға атсалысқандары үшін бюджеттен бір тиын да алмайтындарын айтты.

Авторы: Назерке Әбдірахманқызы