Шымкенттік шаруалар шығынға батты

Шымкенттік шаруалар шығынға батты

Шымкенттік 160-қа жуық қожалық ағын судың зардабын тартып, шығынға батудың алдында тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Диқандар Еңбекші ауданының аумағында құлпынай, жүгері, жоңышқа, картоп пен басқа да көкөніс түрін еккен. Алайда егістікті сумен қамтып келген «Көк» каналының жөндеу жұмыстары созылып, тіршілік нәрінен тарығып қалғанын айтады.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

Биыл диқандар ағын судың жоқтығынан шығынға батқалы отыр. Себебі күзден бері тынбай тер төккендер жерге дән сеуіп, егіс даласын уақытылы суғара алмай қалды. Ал күрделі жөндеу жүріп жатқан «Көк» каналындағы құрылыс жұмыстары аяқталмай, кешеуілдеп жатыр.

Камилбай Ергешов «Ағын суды жеткізіп береміз» – деген жауаптылардың жалған уәдесіне сеніп қалғанын айтады. Сондықтан өзіне тиесілі 8 гектар алқапқа жоңышқаның тұқымын сеуіп, жеміс көшеттерін де еккен. Ол үшін барлығы 2,5 миллион теңгедей қаржы жұмсапты. Енді қара жерге себілген дән көктемей жатып, күйіп кетті деп отыр.

Камилбай Ергешов, диқан:

Осындай ахуалдамыз біз. Күйіп отырмыз. Не айтарымды білмеймін. Адамдарды жинап алдын-ала айтқандарында мұндай шығынға жол бермеген болар едік. Ұрығымыз тұратын еді. Тракторды әкеліп, істетпеген болатын едік. Қаншадан, қанша қаражатқа күйіп отырмыз.

Сондай-ақ шаруа қожалығына тиісілі құлпынай алқабының да табаны кеуіп тұр. Диқандар, көпжылдың көшеттің тамырын сақтап қалу үшін техника жалдап, жаңбырлатып суғаруға көшкен. Жылына екі гектар алқаптан 10 тоннадай өнім жинап келген шаруалар шығынға шаш етектен баттық, – дейді.

Муталхан Сапарбаев, диқан:

Базарға алып шыққанда шеттен келетін құлпынайларға ұқсап қымбат болмайтын еді біздікі арзан болатын еді. Халқымыз, еліміз біздің құлпынайды жер еді. Өзіміздің табиғи құлпынайды. Қатып қалды. Уже өспейді. Болды. Уақыты өтіп кетті мұның.

Ал қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының мамандары құрылысты мойнына алған мердігер компанияны кінәлап отыр. Былтыр «Көк» каналының күрделі жөндеу жұмыстарына деп бюджеттен 317 млн теңге бөлінген. Кестеден кешіккендерге бірнеше рет айыппұл салып, жұмысты жеделдетуді тапсырыпты.

Нұрсұлтан Кенжебаев, қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының орынбасары:

– Көктемдегі жауын-шашынның салдарынан жұмыс жүргізу қиын болуына байланысты тоқтаған. Бірінші мамырдан бастап толық суды жібереміз «Көк» каналы бойынша. Оның ескі русласы бар. Әлі бұзылмаған жері бар. Сонымен шаруаларға суды жеткізуді жоспарлап отырмыз.

Шаруалар бірінші мамырда суды жеткізіп береміз деп бекінген басқарманың мәлімдемесіне күмәнмен қарап отыр. Себебі тиісті жұмыстың бестен бір бөлігі ғана жүргізілді – дейді. Сондықтан кеткен шығынды өндіріп алу үшін құзырлы органға арызданып, министрлікке ашық хат жолдауға қамданып жатыр. 

Авторлары:  Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы