Қызылордада тұрғындар қолында тіркеусіз қару көп

Қызылордада тұрғындар қолында тіркеусіз қару көп

Жыл басынан бері полицейлер 50-ден астам қару-жарақты заңсыз айналымнан шығарды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Іргеде ілулі емес, тасада тығулы жатқаны әлі қанша екені белгісіз. Ал оқтаулы мылтықтың бір күні атылары хақ. Сол себепті тәртіп сақшылары сәуірдің 25-нен бастап тұрғындарға тіркеусіз қаруын өз еркімен өткізіп, оған қомақты қаржы алуына мүмкіндік беріп отыр. Акция басталғалы сырбойылықтар 15 дана атыс-шабыс құралын тапсырып үлгерген. Шара аясында  аймақтағы 7 845 заңды қару иесі тексеріліп, қауіпсіздік талаптары бойынша 185 әкімшілік құқықбұзушылық анықталып отыр.    

Нұрмахан Пазылов, ОПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы:

Жалпы шараға 7 млн 355 мың тг қарастырылған. Қызылорда облысы және қала тұрғындары қарумен жасалатын қылмыстардың алдын алу мақсатында заңсыз сақтаудағы қаруларды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды жақын орналасқан полиция бөлімдеріне өткізуге шақырамыз.