Ақмола облысында бірнеше ұлыс бір шаңырақтың астында өмір сүреді

Қазір өңірде 100-ден астам ұлт өкілі тұрады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Макинск қаласында тұратын Понамаревтар отбасы – көпұлтты. Отағасы Денис – орыс ұлтының өкілі болса, жұбайы Гүлбахор – тәжік қызы. Ең қызығы екеуі де интернационалды отбасылардан шыққан.

Гүлбахор Каландарова, Макинск қаласының тұрғыны:

– Күйеуім орыс болғанымен, оның отбасы да көпұлтты. Денистің әкесі – орыс та, шешесі – венгр. Ал менің анам қазақ, әкем тәжік. Сондықтан біздің отбасында қазір барлық мерекелер тойланады. Славяндардың Пасха, мұсылмандардың Құрбан айт, шығыс халықтарының Наурыз мерекесін бәріміз бірге атап өтеміз.

Гүлбахордың айтуынша, олардың осындай тату-тәтті отбасы боларына басында жақындарының біразы сенімсіздікпен қараған екен. Алайда олардың шаңырақ көтергеніне биыл 10 жыл толды. Ал осы уақыт аралығында 4 бала дүниеге келді.

Гүлбахор Каландарова, Макинск қаласының тұрғыны:

– Біз отбасымызда ешқашан ұлт тақырыбын қозғамаймыз. Сен орыссың, мен тәжікпін деп бөлінген емеспіз. Тіпті балаларымызға да діни таңдауды өз еріктеріне қалдырып отырмыз. Мұсылман бола ма, әлде, христиан бола ма, есейген соң өздері біледі. Бастысы – жақсы адам болса болғаны.

Алайда Гүлбахордың анасының тәжікпен тұрмыс құруын атасы мен әжесі құп көрмепті. Дегенмен жастардың жарасымды жұпқа айналғанын көрген олар кейіннен батасын берген.

Майра Каландарова, Макинск қаласының тұрғыны:

– Өзім басқа ұлтқа шыққаннан кейін енді қыздарыма қарсы болмадым. Енді өздері жарасса, араларына да түспедім. Енді өзінен көреді не болса да. Енді өзімнің опытым бар ғой ол жағынан істеген. Сондықтан оларға ештеңе деп айтпадым.

Жалпы Ақмола облысында қазір 100-ден астам ұлт өкілі тұрады. Олардың басым бөлігі орыс, украин, неміс, татар, белорус, поляк және ингуш-шешен мен әзірбайжандар болса, аймақта қырғыз, өзбек, түрік, тәжік, грузин, грек және сығандар мен дүнгендер де кездеседі. Ал олардың біразы бүгінде бір-бірімен құдандалы боп жатқан жайы бар.  

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко