Түркістан облысының тұрғындарын мал ұрлығы мазалап тұр

Отырар ауданы Шәуілдір ауылының тұрғыны Бейсенәлі Жүнісов былтыр күзде ауыл шетіндегі шарбағында жүрген 9 бас малынан – бір түнде айырылып қалған. Әбден сайланып келген ұрылар 8 сиыр мен 1 жылқыны көлікке салып әкеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бейсенәлі Жүнісов, Шәуілдір ауылының тұрғыны:

Сөйтіп қарасақ машинаның ізі жатыр. Түнде көліктері оталмай қалып, от жағып, сетка құрып, алып кеткен екен. Полицияға арыз жаздық, олар келіп тексерді. Ұрыны 3 күнде ұрыны, 5 күнде малымды тауып берді. Бәрін қолыма табыс етті рахмет.

Ауыл тұрғынынан арыз түскеннен кейін бірден жедел іздестіру тобы құрылып, бұл іспен аудандық полиция бөлімі учаскелік полиция инспекторы Жасұлан Пірімжанов айналысқан.

Жасұлан Пірімжанов, аудандық ПБ учаскелік полиция инспекторы:

Жедел іздестіру барысында бейнебақылау камераларын саралай келе Ордабасы ауданының автокөлігі анықталды. Кімге тиесілі екенін білдік. Иесін анықтап, үйіне барып, ол азамат өзінің қылмысын мойындап, қасында тағы бір азамат болған. 8 бас іріқара мен 1 жылқыны жасырған жерін көрсетіп, қылмыс дер кезінде ашылды.

37 жастағы Тұрар Ахметов осыдан екі жыл бұрын көршісінің қорасына түсіп, ешкілерін үптеп кеткен. Кейін ұсталып, 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылған. Қазір өкінетінін айтады.  

Тұрар Ахметов, пробациялық қызмет есебінде тұрған азамат:

Іштім, ұтылдым. Соңы осы тірлік болды. Енді ол тірлігіме өкінемін. Енді ондай нәрсе қайталанбайды. Жастарға айтарым бұндай қате тірлікке бармаңдар.

Мал ұрлап, оңай олжаға кенелгісі келетіндер әлі де көп. Полиция қызметкерлері «иесіз мал – ұры шақыратынын» айтады. Баукеспелер көбінде жайлымда жүрген малды ұрлайды екен. Сондықтан тәртіп сақшылары төрт түлікті қараусыз қалдырмауға шақырады.

Бауыржан Қуатов, облыстық ПД криминалдық полиция басқармасы басшысының орынбасары:

Малды егесіз қалдырмау керек. Жайылымға шыққан малға бақташы жалдау керек. Малды түнгі мезгілде далада қалдырмай қораға қамау керек. Есіктерін құлыптау керек. Оны қоритын ит немесе қарауыл алу керек. Сол сияқты қораларды жарық шамдармен жарықтандыру керек. Қараңғы болғанан кейін ұрының көзі сол жерге түседі.

Айта кетейік, Түркістан облысында “Мал ұрысы” жедел-алдын алу шарасы аясында мал ұрлығына қатысты 9 жайт ашылды. Ал жыл басынан бері 8 қылмыстық топ ұсталып, 17 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Тергеу барысында барымташылардың 19 мал ұрлығына қатысы бары анықталды. Ұрланған 200-ден астам төрт түліктің 122-сі иелеріне қайтарылды.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш