СҚО-да сапасыз жол жұртты титықтатты

Бұл Сергеевка қаласынан Кривощеково ауылына апаратын жол. «Ол еліміз егемендік алғалы жөндеу көрмеді»,- деп ашынады жүргізушілер. Жаз болса осы маңда орналасқан бірнеше ауылдың тұрғындары жол азабын тартады. Себебі үлкен тас төселген грейдермен жүріп өту жүргізушілер үшін оңай сынақ емес, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ниязбек Досмұқанов, жүргізуші:

– Доңғалақтан-доңғалақ, фардан-фар қоймайды, қиратып. Тас. Қазір өтіп кетсе, тас атады. Ана жолы бір жігіттің әйнегін сындырды. Менің  фарым сынды. Ана жігіт екі бірдей доңғалағын жарып, бір-біріміздің доңғалағымызды салып үйге жеткіздік.

Социал ауылының халқын да жергілікті жолдар әбден титықтатқан. Мәселені шешу үшін былтыр 80 млн теңге қаржы бөлген екен. Сорақысы сол ол қыста жөндеген. Сондықтан сапасы сын көтермейді.

Атымтай Әбілмәжінов, Социал ауылының тұрғыны:

– Білмеймін, қазір технология солай шығар. Қар түскенде жол жөндеді. Қарашаның 1-нен 24-не дейін осы жолды жөндеді. Екі жылдық кепілдік берген бұлар. Екі жыл түгілі мына көктемде қар ерігеннен кейін бір айға да шыдамай, мына үлкен тастар шығып қалды. Қарым-қатынас қазір қиын болып кетті, осы жеті шақырым. Жол бойы өздеріңіз келе жатырсыздар ғой. Сергеевканың жолынан хуже болып кетті. Енді машинаның сайманы да қымбат болып кетті қазір.

Аудандық әкімдіктегі мамандардың айтуы айтуынша мердігерлер кепілдіктегі жолдарды жөндеуге міндеттеледі.   

Саят Омаров, Шал ақын ауданы әкімінің орынбасары:

– Сергеевкамен Кривощековоның арасы -15 шақырым. Бұл жол республикалық маңызға ие болғандықтан, онда асфальт төселеді. Тапсырыс беруші – «ҚазАвтоЖол» компаниясы. Жоба құны – 2,1 млрд теңге. Ал Социал ауылының жолын мердігер қайта жөндейтін болады.

Өңірде жергілікті маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы – 7 мың шақырымнан асады. Ал, олардың  басым бөлігі жаңалауды қажет етеді.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов